16 қазанда Қазақстанның жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Осыған байланысты тұрғындарға сыртқа шығу уақытын жоспарлау кезінде ауа райы факторларын ескеру ұсынылды.
Синоптиктердің болжамынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Қарағанды, Теміртау, Ақтөбе, Алматы, Жезқазған, Қостанай және Астана қалаларында күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді атмосфералық құбылыстардың үйлесуі. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін.
Ауадағы ластаушы заттардың мөлшеріне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді. Ауа сапасының нашарлауы тұрғындардың денсаулығына кері ықпал етуі ықтимал.
Осыған байланысты мамандар бірнеше сақтық шарасын ұсынады:
-
Сыртта жүру уақытын қысқарту. Әсіресе автожолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ болмаған жөн. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
-
Созылмалы аурулары бар адамдарға сақ болу. Өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен және аллергиямен ауыратын адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
-
Дене жүктемесін шектеу. Ашық ауада қарқынды жаттығулар жасамай, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан дұрыс.