Бүгін – Тәуелсіздік күні

Бүгiн, 08:30
250
Бөлісу:
Бүгін – Тәуелсіздік күні
Фото: Артём Чурсинов -архив

Бүгін – Тәуелсіздік күні. 16 желтоқсан – қазақ тарихындағы ең елеулі дата. 33 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заңға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаттығымызға жол салған Желтоқсан оқиғасына 38 жыл толды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген 33 жыл ішінде Қазақстан елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, күрделі сын-қатерлерді артқа тастады. Төл валютамыз – теңгені қолданысқа енгізді. Айбынды әскерді құрды. Шекараларын бекітіп, жаңа астанасын салды. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Орнықты мемлекеттік институттары бар және экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты.

1991 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық Заңына қол қойды. Бір қызығы, қазақ елінің тәуелсіздігін заңдастыратын сол құжат заңнама тұрғысынан КСРО-да қабылданған ақырғы заң болып саналады.

Әлемдік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді. Бүгінде әлем бойынша 120-дан астам ел Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Ауқымды реформалар басталды, экономика мен әлеуметтік сала жаңғыру жолына түсті.

Халқымыздың саны соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, 20 243 981 адамға жетті.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды.

Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Биыл тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл толып отыр. Оның алғашқы он жылы егемендіктің айшықтарын айқындап, конституциялық құрылымды қалыптастыруға арналды. Төл валютамыз айналымға енгізіліп, Қарулы Күштер жасақталды. КСРО-дан мұраға қалған жоспарлы экономикалық саясаттың орнына нарық қатынастары орнықты.

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығын "мұнай дәуірі" деген атаумен тарихта қалары сөзсіз. Өйткені, әуелі дамудың күмәнсіз даңғылындай көрінген экономикалық үрдістер жылдар өте келе сын-қатерін де көрсете бастады. Астана елдің ресми ордасы ретінде толық қалыптасып, республиканың әр түкпірінен бәсекелі орта іздеген жұрттың бәрі тартылатын мегаполиске айналды.

Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде еліміздің халықаралық аренадағы абырой-беделі жоғары, бағдары айқын. Тәуелсіз мемлекетіміз өркениетті, озық ел ретінде дамып келеді. Халқымыз сан ғасырлар бойы аңсаған азат күнге еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізгені анық. Берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – баршамызға міндет.

Өзгелердің жаңалығы