Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 17 қаңтарда сағат 15:30 да Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық әуежайында шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны қарсы алу шарасы өтеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева «блицте» бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанды.
Сондай-ақ аталмыш чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (Рапид) 2-орынды иеленді. Шешуші партияларда Бибісара грузиялық тәжірибелі шахматшы - гроссмейстер Нану Дзагнидзені, өз отандасы Әсел Серікбайды жеңіп, чемпионаттың жеңімпазы халықаралық гроссмейстер Александра Костенюкпен тең ойнады.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатының триумфаторы Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Ол әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019). Сондай-ақ ерлер арасында халықаралық шебер (2020), Блиц бойынша әлем чемпионы (2021).