Бүгін сегіз қалада қолайсыз метеожағдай күтіледі

Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желсіздік, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы.

 pixabay 14 Наурыз 2026, 08:29
14 Наурыз 2026, 08:29
292
Фото: pixabay

2026 жылғы 14 наурызда Қазақстанның бірқатар қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасып, ауа ластануы болжанып отыр. Бұл туралы BAQ.KZ "Қазгидромет" деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Синоптиктердің мәліметінше, 14 наурызда қолайсыз метеожағдайлар мен ауа ластануы Алматы, Атырау, Орал, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Теміртау қалаларында және түнде Астана қаласында күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желсіздік, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Мұндай кезде зиянды заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналып, ауаның ластану деңгейі артады.

Салдарынан елді мекендерде атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, бұл тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Ауа ластану деңгейінің қалыптасуына желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы сияқты синоптикалық жағдайлар да әсер етеді.

Мамандар қолайсыз метеожағдай кезінде:

ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе автожолдар мен ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеуді;

балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуды;

өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар адамдарға өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүруді;

ашық ауада физикалық жүктемені шектеуді ұсынады. Спортпен жабық ғимараттарда айналысқан жөн.

Наверх