Бүгін – белгілі ақын, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаламгердің алғашқы кітабы – "Қырық мысал" 1909 жылы жарық көрді. Кейін азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері "Маса" деген атпен жеке кітап болып шықты.
"Масаның" негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті насихаттау, еңбек етуге үндеу болды. Байтұрсынұлының "Қазақтың бас ақыны" деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды.
Бұдан бөлек, ақын ұйымдастырып, бас редактор болған "Қазақ" газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. "Қазақ" газеті халықтың рухын сергіткен құбылысқа айналды. Қаламгердің публицист, баспасөз ұйымдастырушысы ретіндегі еңбегі де ұшан-теңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор ретінде тарихта қалды.