6 желтоқсан – елімізде прокуратура қызметкерлері күні, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Прокуратура – құқық қорғау органдарының түпқазығы. Жыл сайын 6 желтоқсанда Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері кәсіби мереке – Республика прокуратурасы органдарының құрылған күнін атап өтеді.
Осыдан тура 33 жыл бұрын Жоғарғы кеңес төралқасы "Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы" қаулы қабылдады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің 6 желтоқсан 1991 жылы қаулысымен еліміздің тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 25 ақпан 2004 жылғы бұйрығымен 6 желтоқсан Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, жыл сайын атап өту белгіленген.
Осы жылдар ішінде әрбір прокурордың басты міндеттері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету болды және болып қала береді.
Қадағалау органының үйлестіруші рөлі оның елдің құқық қорғау жүйесінің орталық буыны және мемлекеттік биліктің маңызды элементтерінің бірі ретіндегі орнын анықтады.