Бүгін, 15 қыркүйекте футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы ойынында Испаниямен кездеседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаһандық дода 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында болады.
Ел құрамасы D тобында Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады.
Бүгінгі ойын 17:30–да «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирінде көрсетіледі.
Аталған сында ел намысын Нарун Серіков, Леонардо Игита, Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Дуглас Жуниор сынды спортшылар қорғайды.
Сондай-ақ аталған топта Жаңа Зеландия — Ливия құрамалары өзара шеберлік байқасса, С тобында Ауғанстан — Ангола, Аргентина — Украина ойнайды.
Ал 16 қыркүйекте E тобында Португалия — Панама, Тәжікстан — Марокко, F тобында Иран — Венесуэла, Гватемала — Франция шеберлік байқасады.
Айта кетсек, 14 қыркүйекте В тобында Бразилия Кубаны 10:0 есебімен жеңсе, Хорватия Таиландқа 1:2 есебімен жол берген.