Алматы, BAQ.KZ. 2 қараша күні сағат 17:00-де Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында Ұйғыр ауданында шымылдығын ашқан «Қарадала» халық театрының ашылу салтанаты өтеді.
Аталған театр шымылдығын А.Құнанбаевтың поэмасы желісімен әзірленген «Ескендір» қойылымының премьерасымен ашқалы отыр.
Іс-шараға ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс, сондай-ақ Алматы облысы мәжілісінің депутаты - Ызғарбек Бектұрсынов, қоюшы-режиссер - Асқар Наймантаев және аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Исаханов қатысады.
«Ескендір» - Абайдың гуманистік көзқарасын тереңірек танытатын елеулі сюжетті туындысы. Шығарма Шығыста Ескендір Зұлқарнайын деген атпен белгілі, Еуропада Александр Македонский аталатын ежелгі грек қолбасшысының өмірі жайындағы аңызға құрылған. Автор Ескендірдің өмірбаяндық деректерін дәл келтіреді де, оның дүние жүзін жаулап алмақ болған шапқыншылық саясатын сынауға ауысады. Пьесада жауыздыққа жетелейтін тойымсыздық екенін көрсете келіп, әділдік, даналықты соған қарсы қояды.
Шығарманың авторы – Абай Құнанбайұлы. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Асқар Наймантаев.
Премьера 18:30-да Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында өтеді.