Бүгін, 11 желтоқсанда Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, Астана, Алматы және Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар әсерінен ауа сапасы нашарлайды.
Қолайсыз метеожағдайлар – атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық факторлардың жиынтығы. Оларға тыныштық, әлсіз жел, тұман және инверсия сияқты құбылыстар жатады. Мұндай жағдайда ауа құрамында ластаушы заттардың көбеюі мүмкін, бұл тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Атмосфералық ауаның сапасын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторлар – желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы. Осы көрсеткіштер нашарлаған кезде ірі қалаларда түтін, смог және басқа да ластану түрлері жиі байқалады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа сапасына қатысты хабарламаларды қадағалап, өз денсаулығына мұқият болуға кеңес береді.