Бүгін, 28 сәуірде Астана, Көкшетау, Өскемен және Риддер қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің түсіндіруінше, мұндай жағдайлар кезінде ауадағы зиянды заттар жерге жақын қабатта жиналып, атмосфера сапасының нашарлауына әкелуі мүмкін. Бұған көбіне желдің әлсіздігі, тұман, ауа инверсиясы сияқты факторлар әсер етеді.
Мамандар тұрғындарға сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, ашық ауада ұзақ болмау, әсіресе жол бойында серуендеуді шектеу ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге сыртта ұзақ уақыт жүруден бас тартқан жөн.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүргені дұрыс. Сонымен қатар, дене белсенділігін азайтып, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан жөн.