Бүгін, 21 қыркүйекте Қазақстанның тоғыз қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, Павлодар, Атырау, Ақтөбе және Астанада, сондай-ақ түнде Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде желдің әлсіреуі, тұман мен температуралық инверсия салдарынан атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналуы ықтимал.
Мамандар мұндай жағдайда ашық ауада, әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуді шектеу ұсынылады.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру, ал дене шынықтыру мен спортты жабық ғимараттарда өткізу ұсынылады.