Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы Батырхан Сарымсақов мәлімдеді.
Медициналық пойыздар – бұл дұрыс көзқарас пен тәсілдемесі бар бірегей жоба. Бірнеше жылдан бері шалғайдағы станциялар, шағын кенттер мен аудандардың тұрғындары сапалы медициналық қызмет алуына қол жеткізе алды. Медициналық пойыз бүгін Алматы-2 станциясынан шығып, Маңғыстау өңіріне ат басын бұрып, 26 мамыр күні жұмысын бастайды, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Оның айтуынша, жобаны сапалы ететін екі негізгі фактор бар.
Біріншіден, құрамына негізгі мамандықтардың білікті дәрігерлері кіретін дәрігерлердің сандық және сапалық құрамы: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, психолог, рентгенолог бар. Жобаның арқасында станциялардың және оларға іргелес елді мекендердің көптеген тұрғындары ұзақ уақыт ішінде алғаш рет білікті дәрігерлерге жүгініп, қандай да бір ауруларды анықтау бойынша тексеруден өтті. Пациенттерге қажетті алғашқы көмек көрсетілді, кәсіби консультациялар, жақын маңдағы медициналық орталықтарға одан әрі емделуге жолдамалар берілді, - деді басқарма басшысы.
Айта кетерлігі, биыл медициналық пойыздарда әрқайсысында 36-ға жуық медицина мамандары бар медициналық бригадалар жұмыс жасайды. Жоба аясында жұмыс істеу кезінде дәрігерлер өздерінің негізгі жұмыстарынан шықпайды. Дәрігерлердің еңбегі тарификатор бойынша санатына байланысты жоба шеңберінде төленеді. Дәрігерлердің жұмысын бақылау және мониторинг тұрақты негізде жүргізіледі.
Екіншіден, пойыздағы жабдықталған диагностикалық жабдықтың құрамы маңызды рөл атқарады: компьютерлік спирометриялық жүйе, эхоэнцефалограф, видеогастрофиброскоп, диагностикалық жүктеме сынақтарын өткізуге арналған кардиологиялық бақылау жүйесі бар, оның құрамында велоэргометр, кардиограф және компьютерлік деректерді өңдеу жүйесі, сонымен қатар заманауи неміс және жапон жетекші өндірісінің рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтары бар. Мұндай жабдық қажет болған жағдайда пациенттерге cito режимінде қан мен зәрдің толық жалпы және биохимиялық талдауларын, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен қан тамырларын УДЗ-зерттеу, электрокардиограмма, велоэргометрия, гастрофиброскопия, компьютерлік спирография, эхоэнцефалография және диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді, - дейді Батырхан Сарымсақов.