Бүгін Дүниежүзілік жануарларды қорғау күні

4 Қазан 2023, 19:50
1027
Бөлісу:
Бүгін Дүниежүзілік жануарларды қорғау күні
Фото: Артём Чурсинов - архив

4 қазанды жыл сайынғы мерекеге айналдыру туралы шешім 1931 жылы Флоренцияда (Италия) өткен қоршаған орта мен табиғатты қорғау Халықаралық конгресінде қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Негізгі мақсаты - жұртшылықты қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы хабардар етіп тұру, жануарлар дүниесін сақтаудағы белсенділіктерін арттыру.

Қазақстанның жануарлар әлемі бай және алуан түрлі. Республика аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілердің - 178 түрі, құстардың - 489 (олардың 396 - сы Қазақстанда ұя салады, басқалары тек қыстауға ұшып келеді немесе көктем мен күзде ұшып кетеді), бауырымен жорғалаушылардың - 49, қосмекенділердің - 12, балықтардың - 104 және дөңгелек ауыздылардың-3 түрі бар.

Қазақстан аумағында омыртқасыздардың шамамен 100 мың түрі, оның ішінде жәндіктердің 50 мың түрі мекендейді.

Омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршелері, оның ішінде балықтардың - 18, қосмекенділердің - 3, бауырымен жорғалаушылардың - 10, құстардың - 57 және сүтқоректілердің 40 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Онымен қатар, омыртқасыз жануарлардың 96 түрі, оның ішінде, буылтық құрттардың – 2, моллюскалардың (жұмсақ денелілер) – 6, шаян тәрізділердің – 1, өрмекшітәрізділердің – 2, жәндіктердің – 85 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген.

Өзгелердің жаңалығы