21 қарашада Қазақстанның бірқатар қаласында атмосферада зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) болжанып отыр.
Болжам бойынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Астана, Алматы, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Талдықорған, Өскемен және Семей қалаларында күтіледі.
Ал Атырау қаласында ҚМЖ тек түнгі уақытта болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – атмосфералық ауада зиянды (ластаушы) заттардың жерге жақын қабатта жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (желсіздік, баяу жел, тұман, температуралық инверсия) үйлесуі.
Мұндай жағдайда елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластану деңгейінің қалыптасуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған жел, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы мен температурасы жатады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде мынадай сақтық шараларын сақтау ұсынылады:
- Ашық ауада, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздерінің маңында болу уақытын қысқарту. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
- Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеу қажет. Дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысқан жөн.