Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық диалогты дамыту талқыланды

11 Наурыз 2019, 20:09
2528
Бөлісу:
Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық диалогты дамыту талқыланды

Астана, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің сыртқы экономикалық қызметін "экономизациялау" бойынша тапсырмасының аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Мажарстанға жұмыс сапары өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Сапар аясында Мажарстан Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Левентэ Мадьярмен, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Габор Гионмен, Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Ласло Паррагпен, сондай-ақ агроөнеркәсіп, медицина және тоқыма секторларындағы бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.

"Үкімет құрылымдарының өкілдерімен кездесулер барысында екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл талқыланды. Тараптар жаһандық және өңірлік мәселелер бойынша өзара түсіністік пен ұстанымдардың үйлесімділігін атап өтті", - делінген хабарламада.

Сапар барысында Мажарстан Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Михай Варганың 2019 жылдың сәуір-мамыр аралғында Астанаға жоспарланған сапарының және Қазақстан-Мажарстан арасындағы Стратегиялық кеңесінің кезекті отырысының мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, осы жылдың мамырында Мажарстан Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның XII Астана экономикалық форумына қатысу үшін Қазақстанға сапары жоспарланған.

Ведомствоның мәліметінше, Мажарстанның аталған ресми тұлғаларының Қазақстанға сапарлары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге, екіжақты тауар айналымын арттыруға және екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың экономикалық тетіктерін іске асыруға ниетті өкілді іскерлік топтардың келетіне күтілуде.

"Будапештке сапары барысында Е. Көшербаевтың Қазақстан-Мажарстан Тікелей инвестициялар қорының әлеуетін іске асырудың практикалық аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар осы жылдың 4 сәуірде ашылатын Ақтөбе облысындағы ірі жылыжай шаруашылығы құрылысының аяқталғандығын атап өтті", - деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Жалпы, аталған сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін берді. Будапешт Қазақстанды Орталық Азиядағы басты стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады, сауда қарым-қатынасын дамытуға, Қазақстан экономикасының агроөнеркәсіп және индустрия секторларына инвестицияларды ұлғайтуға әзірлік танытуда.

Өзгелердің жаңалығы