Брюссельде «Сазген сазы» ансамблінің концерті өтті

20 Қазан 2023, 03:22
481
Бөлісу:
Брюссельде «Сазген сазы» ансамблінің концерті өтті
Фото: СІМ баспасөз қызметі

Еуропа Одағының астанасында Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концерті қаланың мәдени өміріндегі қазақ фольклорлық музыкасының ең ауқымды тұсаукесеріне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстандық музыканттардың концерті әлемнің түкпір-түкпірінен әйгілі әртістер өнер көрсететін және еуропалық классикалық музыка оркестрлерінің альбом жазбалары өтетін бельгиялық беделді өнер және музыка орталығы «Flagey» залында ұйымдастырылды.

«Сазген Сазы» тыңдармандарына фольклорлық әндер, Құрманғазы, Н. Тілендиев, Л. Хамиди, А. Бейсеуов шығармалары, сондай-ақ ұлттық аспаптардың орындауындағы еуропалық классикалық музыканың белгілі композициялары ұсынылды. Концерт Қазақстан Республикасының Әнұраны, Бельгия Әнұраны «Брабансонна» және Еуропалық Одақтың символына айналған Бетховеннің 9-шы симфониясының «Шаттық одасын» қазақ аспаптарында орындаумен ашылды.

Қонақтарға ежелгі музыкалық аспаптардың дыбыстары ерекше әсер қалдырды. Ансамбль музыканттары бірнеше аспаптарды меңгеруімен белгілі. Кеште классикаға айналған домбыра, сыбызғы, жетіген, саз-сырнаймен қатар сирек кездесетін адырна, сазген және нарқобыз ойналды. Ұлттық аспаптарда ойнаудың ерекшеліктерін кәсіби жеткізумен қатар, қатысушылардың ұлттық киімнің эскиздері бойынша тігілген костюмдермен өнер көрсетуі көрермендерге қазақ этнографиялық мәдениетінің элементтерімен танысуға мүмкіндік берді.

Концерттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан отандастарды Республика күнімен құттықтап, бұл мерекенің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызы туралы айтып берді. 1990 жылғы Мемлекеттік Егемендік Туралы Декларация елдің одан әрі дамуындағы бетбұрыс кезеңді білдіреді. Ондағы мемлекеттілік қағидаттары, азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау және қоғамдық келісімді нығайту саясаты қазіргі Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының мақсаттарында көрініс тапқан.

Қазақстандық дипломат ансамбльдің шығармашылық ұжымына отандық қоғамдық дипломатияны ілгерілетуге қосып жатқан үлесі үшін, ал Еуропалық серіктестерге белсенді ынтымақтастық пен стратегиялық маңызды бағыттар бойынша диалогты тереңдетуге ұмтылысы үшін алғысын білдірді.

Концерт туралы БАҚ-қа пікір білдірген Ресей, Шығыс әріптестігі, Орталық Азия, өңірлік ынтымақтастық және ЕҚЫҰ мәселелері жөніндегі Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің басқарушы директоры Михаэль Зиберт қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, Қазақстанның өзінің бай дәстүрін заманауи үрдістермен шебер үйлестіре білген мықты мемлекет ретінде белсенді дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Ол Еуропалық Одақтың осынау маңызды серіктесі және Орталық Азиядағы жетекші еліне алдағы уақытта жаңа табыстар тіледі.

Музыкалық кештің 600 қонағының қатарында Еуропалық Одақ және НАТО өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, Еуропалық және бельгиялық парламенттердің мүшелері, Бельгияның бірқатар өңірлерінің мен бельгиялық бизнестің басшылары, сондай-ақ Бельгияда тұратын отандастар қатысты. Көршілес Еуропа елдерінен концертке арнайы келген қазақ диаспорасының өкілдерін ерекше атап өтуге болады.

Люксембург пен Бельгиядағы «Сазген сазы» ансамблінің концертін Алматы қаласының әкімдігімен және Люксембургтегі ҚР Құрметті консулдығымен бірлесіп Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы