Браконьерден қорғану үшін инспекторларға қару қолдануға рұқсат етілмек

28 Қазан 2019, 16:57
2073
Бөлісу:
Браконьерден қорғану үшін инспекторларға қару қолдануға рұқсат етілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Инспекторларға өзін қорғау мақсатында қару пайдалану құқығы берілмек. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков мәлімдеді.

"Парламентте "Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері жөніндегі" заң жобасы аясында талқыланып жатыр. Сол заң жобасында инспекторлардың өкілдіктерін кеңейту бойынша мәселе бар. Браконьерлердің қылмыстық жауапкершілігін күшейту бойынша да мәселе талқыланып жатыр. Жұмыс тобы өткен аптада Бас прокуратурамен бірігіп, ұсыныстарын енгізді. Келер жылы қаңтар айында сұрақты аяғына дейін жеткіземіз деген ойдамыз", - деді Қайнарбаеков.

Комитет төрағасы инспекторлардың көліктеріне арнайы шиналар орнату, олардың жұмысын жеңілдететін материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі заманғы технологияларға байланысты жарақтандырудың жаңа нормативтері әзірленіп жатыр. 

Сондай-ақ инспекторларға өзін-өзі қорғау мақсатында қару қолдануға рұқсат беру көзделген.

"Браконьерлерді көрсеңіз олардың іздеріне түспеңіздер" деген бұйрық бар. Мұнымен тиісті органдар айналысуы тиіс. Себебі жыл басынан бері қаншама жағдай болды. Арттарынан қуып бара жатқанда жазатайым жағдайға ұшырамау үшін қауіпсіздік ережесін енгізіп отырмыз. Браконьерлер жылдам қашатындай, инспектор оны қуып жете алмайтындай болса фиксация жасап, арнайы құқық қорғау органдарына беруі тиіс. Әрі қарай бұл іспен басқа органдар айналысуы қажет. Біздің инспекторларда қорғану құралдары, қарулары бар. Алайда бұйрық бойынша оны қолдануға болмайды. Заңнаманы өзгертсек олар ұстай алады, өкілеттіктері артады. Өзін-өзі қорғау мақсатында болса оларға қару қолдануға рұқсат етіледі", - деді ол.

Бұл түзетулер 2020 жылдың ақпан-наурызында қабылданып, қолданысқа енуі мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы