Британияда оқып, ауыл мектебінде білім беретін мұғалім

Британияда оқып, ауыл мектебінде білім беретін мұғалім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ол – Аралбек Берікұлы, математика мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, сондай-ақ Ұлыбритания университетінен жоғары білімнен кейін берілетін PGCE сертификатын алған білікті маман. 

Оның шетелде мұғалім болуға толық мүмкіндігі бар. Бірақ ол ауыл балаларын оқытып жүр. 

Бәріміз елден кете берсек, бұл жерде кім қалып қызмет етеді? Онсыз да елден ақылдысы да, шебері де, қарапайым жұмысшы, студенттер де кетіп, қайта оралмай жатыр. Америкаға барып көлік жүргізіп, Кореяға барып қорап жасаушы болып, Қазақстанда 1 айда табатын табысын 1 күнде тауып жүрген таныстарым бар. Ешкімді мінеп, сынауға хақым жоқ... Осы жерде білімді көтеріп, бейбіт заманда ел көркейтіп, жағдайды жасайық. Әркім өзімен күресіп, өз ісінің шебері болып, өзі дамып, елді дамытып жатса, сонда өзгерістер көреміз, – дейді Аралбек Instagram әлеуметтік желісіндегі бір жазбасында.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде 3,6 миллионға жуық оқушы білім алып жатыр. Олардың 1,5 миллионнан астамы, яғни 42 %-і ауылдық жерде оқиды. Десе де, ауыл мектептері мен қала мектептері арасындағы алшақтық – жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе. 

PISA халықаралық бағдарламасының зерттеулері еліміздің ауыл мектептері қала мектептерінен 1,5 жылға артта қалып жатқанын көрсетіп отыр. Ал Аралбек Берікұлы ауыл мектептерінде білімнен бір емес, бірнеше жылға қалып жатқан оқушылардың да барын айтады.

Мен 2015 жылы алғаш рет ауылдарды аралап бастадым. Сол кезде өз көзіммен білімнен 5, 6, 7, тіпті 8 жыл қалып жатқан оқушыларды көрдім. Мысалы, 9, 10, 11-сыныптарда оқитын балалар көбейту кестесін білмейді, ағылшынша сөз білмейді. Физика, тарих сабақтарынан білімдері өз сыныптарына сай емес. Ауылдағы білім көп жағдайда қағаз жүзінде ғана. Сондықтан сол кезде қолымнан келген іс – оқушыларға арнап тегін видеосабақтар жаза бастадым. Қазір олардың саны 1000-нан асты, - дейді ол.

Аралбек 2015 жылдан ауыл мектептерін дамытуға қолынан келгенше үлес қосуды біртіндеп бастап кеткенін айтады. Ол шағын жинақталған мектептерді жүргізу және мұғалімдерді бір жылдың ішінде жаңа форматта дайындау үлгісін жасады. Бұл үлгіні жеке тәжірибесінде оқушыларының арасынан мұғалім дайындауда қолданды. Сондай-ақ Елбасы академиясына да, өзі басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне де аталған үлгіні ұсынып көрді. Ол жақтан қолдау болмаған соң, 2021 жылдың соңына қарай Аралбек командасындағы педагогтармен бірге бір ауылды таңдап, онда мұғалімдерді жіберіп, ауыл мектебінің жаңа үлгісін жасап шығуға кірісе бастады. 

Сол уақытта бизнесмен және Bi Group құрылыс холдингінің негізін қалаушы Айдын Рахымбаев әлеуметтік желіде ШҚО, Көкпекті ауданы, Құлынжон ауылында орналасқан өзі бітірген мектепке директор іздейтінін және оған астанадан үш бөлмелі пәтер немесе 100 мың доллар ақшалай сыйақы жариялайтынын хабарлады.

Бірінші шарт – үш жыл жұмыс істеу, мектептегі білім деңгейін көтеру және ізін жалғастыратын адам дайындау... Екіншісі – білім беру әдістемесі қарапайым болмайды, Финляндияның жіксіз білім беру моделіне ұқсайды. Яғни бастауыш мектеп – 2 жастан 12 жасқа дейін ойын түрінде, бағалаусыз деуге болатын play and learning school моделі, – деп бизнесмен өз шарттарын атады. 

Сонымен қатар эксперименттік мектеп мәртебесі алынғанын айтты. Осы үндеуге Аралбек Берікұлы да өз түйіндемесін жіберді.

Арада төрт ай өткен соң, 18 ақпанда Айдын Рахымбаев өзінің Instagram парақшасында 480 үміткердің арасынан Аралбектің таңдалғанын және білім департаментінің бұйрығымен оның мектеп директоры болып тағайындалғанын хабарлады.

Енді ең қызығы, Аралбек сол кезде республикалық физика-математика мектебінің басқарма төрағасының орынбасары қызметінен, жақсы жалақысы бар, жылы жерден ауыл мектебін көтеру үшін кетуге шешім қабылдады. Бұл уәде етілген пәтер үшін емес. Ол пәтер туралы да, жалақысы туралы да мүлде сұраған жоқ. Онымен жаңа әдістер мен пішімдер туралы сөйлескен кезде көзі жанып, армандаған мектебі қандай болу керегін және балалар мен ата-аналарды оқу процесіне қалай тарту керегін тоқтамай айтты. Бұйрық шықпастан 3 ай бұрын ауылға барып, мұғалімдермен де, артта қалған оқушылармен де айналысып жатыр. Ол жай мұғалім емес, менің балаларым айтқандай, ол – педагогиканың жанкүйері, – деді бизнесмен өз жазбасында. 

 Аралбек Айдын Рахымбаев екеуінің үлкен жоспары бар екенін де жасырмады.

Айдын мырза екеуміз бір кездесіп сөйлестік. Одан оған тоймай, келесі күні тағы кездестік. Екеуміздің ойымызда жүрген нәрселер бір екен. Мен бұрыннан бері айтып, жазып жүрген нәрселер, тек ресурсым жеткен жоқ. Ол кісінің толықтай ресурсы, мүмкіншілігі, қаражаты, ниеті, ауыл мектептерін дамытуға деген шынайы ықыласы бар. Алланың қалауымен басымыз қосылып, бұйырса, үлкен нәтиже шығады деген үміттеміз, – деп пікір білдірді Аралбек. 

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Құлынжон ауылының орта мектебіне эксперименттік мектеп мәртебесі берілді. Пилоттық жобаға қатысты хатқа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол қойып, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына тапсырма берді. Қазір ҰБА-мен бірге пилоттық жобаның бағдарламасы дайындалып жатыр. 

Британияда оқып, ауыл мектебінде білім беретін мұғалім

Негізінде көп құндылықтар адамға балабақша, мектеп жасында қалыптастырылуы керек. Ең бастысы адамгершілік, дұрыс тәрбие мен білім. Біз балаларды ермексаз сияқты жұмсақ кезінде жіберіп қойып жатырмыз, ал есейіп кеткенде оларды өзгерте алмаймыз. Қазір соны қолға алу керек. Ал білім беру үлгісін айтар болсақ, велосипедті қайта жасаудың керегі жоқ. Ыбырай, Ахметтер айтып кеткен өзіміздің білім үлгісі, фин, жапон, сингапур, кеңестік, 3000 жылға жуық тарихы бар классикалық мектептердің білім үлгілері бар, солардың барлығын өзіміздің менталитетке лайықтап, адаптациядан өткізіп, тәжірибе жүзінде көріп, жақсы жұмыс істейтіндерін қалдырып, жетілдіріп, бір үлгі қылып шығаруымыз керек. Басты мақсат – Айдын Рахымбаев бітірген бір мектепті ғана дұрыстау емес, сол мектепте пилоттық жоба ретінде экспериментті жақсы нәтижемен өткізіп, жаңа білім үлгісін басқа да ауылдық мектептерге енгізу, – дейді Құлынжон орта мектебінің директоры Аралбек Берікұлы. 

Айта кету керек, Аралбек Құлынжон ауылына өз командасындағы үш жігітпен, әйелі, бес баласымен көшіп барды. Енді жаңа үлгідегі ауыл мектебінде оның балалары да білім алады. 

Бөлісу: