Британдық журналист, жазушы әрі Орталық Азия тарихын зерттеуші Ник Филдинг «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына барды. Сапар барысында ол өңірдің көне тарихымен танысып, «Ботай» мәдениетінің Ұлы дала өркениетіндегі орны туралы мағлұмат алды.
Музейге барған зерттеуші алдымен экспозицияларды аралап, «Ботай» қонысынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлерді көрді. Оған ежелгі қоныстың Ұлы даланың тарихын зерттеудегі маңызы мен археологиялық мұраның құндылығы таныстырылды.
Кездесу барысында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау, археологиялық зерттеулер жүргізу және тарихи құндылықтарды халықаралық деңгейде таныту мәселелері де сөз болды.
Ник Филдинг – Қазақстан мен Орталық Азия тарихына арналған зерттеулері және жарияланымдарымен танылған британдық журналист әрі жазушы. Бұл сапар оған өңірдің ежелгі тарихын айғақтайтын археологиялық мұрамен жақынырақ танысып, «Ботай» мәдениеті туралы білімін толықтыруға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, «Ботай» қонысы – Ұлы даланың ежелгі тарихын зерттеудегі маңызды археологиялық нысандардың бірі. Сондықтан мұндай тарихи орындарды шетелдік зерттеушілер мен журналистерге таныстыру Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етеді.