Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Брейк-данс, скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу және серфинг 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына уақытша енді. Мұндай шешім Халықаралық Олимпиада комитетінің 134-ші сессиясында қабылданды деп хабарлады olympic.kz ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.
2024 жылғы Париждегі Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті ХОК-қа қосымша спорт түрлерін ұсынатын екінші ұйым.«Париж ұсынған спорттың төрт түрі де 2020 жылғы Олимпиада ойындарының күн тәртібіне сай келеді. Бұл бағдарламаның гендерлік талап бойынша теңестіріліп, заманауи сипат алуына септігін тигізеді. Париждегі Олимпиада ойындарының бағдарламасы жас буынмен тілдесуге мүмкіндік береді. Ұсынылған спорт түрлері талапқа сай келеді және 2024 жылғы Париждегі ойындардың жалпы динамикалық концепциясын жақсартады», - деді ХОК президенті Томас Бах.
Айта кетелік, 2018 жылы өткен жасөспірімдер Олимпиадасында тұңғыш рет спорттық құзға өрмелеу мен брейк-данстан жүлде таратылған болатын. Ал скейтбординг, спорттық құзға өрмелеу және серфинг 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енген.