Брекситтен кейін Ұлыбритания мен ЕО ынтымақтастықты кеңейтпек

Энди Бернхэм Еуропамен байланысты қалпына келтіруді сыртқы саясаттағы басымдықтардың бірі деп атаған.

 depositphotos.com 19 Қараша 2026, 01:29
19 Қараша 2026, 01:29
109
Фото: depositphotos.com

Ұлыбритания мен Еуропалық одақ Брюссельде өтетін саммитте сауда, энергетика, қорғаныс және көші-қон салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылайды. Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын шекаралық тексерулерді жеңілдету, жастар алмасуы мен қорғаныс әріптестігін дамыту жөнінде келісімдер дайындап жатыр, деп хабарлайды Euronews.

Саммит Ұлыбританияның ЕО-дан шығу туралы шешімінен кейін он жыл өткен тұста өтеді. 2026 жылғы шілдеде үкімет басына келген премьер-министр Энди Бернхэм Еуропамен байланысты қалпына келтіруді сыртқы саясаттағы басымдықтардың бірі деп атаған.

Сауда саласында тараптар 2028 жылғы 1 наурыздан бастап жануарлар мен өсімдік өнімдерінің басым бөлігіне қатысты шекаралық тексерулер мен сертификаттау талаптарын алып тастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ көміртегі шығарындылары саудасы жүйелерін біріктіру көзделген. Алайда Ұлыбританияның ЕО электр энергиясы нарығына қосылуы жөнінде келіссөздер жалғасуда.

Жастарға арналған Youth Experience Scheme бағдарламасы 18-34 жас аралығындағы азаматтарға бір-бірінің аумағында үш жылға дейін тұруға, жұмыс істеуге және оқуға мүмкіндік береді. Оны 2030 жылғы қаңтарға дейін іске қосу жоспарланған. Ал британдық жоғары оқу орындарындағы еуропалық студенттердің оқу ақысына қатысты тараптар әзірге ортақ шешімге келген жоқ.

Қорғаныс саласында Лондон мен Брюссель әуе қорғанысы, дрондар мен оқ-дәрі өндірісі бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Дегенмен британдық компаниялардың ЕО-ның SAFE қорына қатысуына қатысты келіспеушіліктер сақталып отыр.

Көші-қон бағытында тараптар заңсыз мигрант тасымалымен күресуді, құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасуды және Frontex-пен үйлестіруді күшейтпек.

Саммит екі тараптың Брекситтен кейінгі қарым-қатынасын жақындатуға бағытталғанымен, энергетика, білім беру және қорғаныс өнеркәсібі бойынша бірқатар мәселе әлі де келісуді қажет етеді.

 

Наверх