Брекешев балық шаруашылығын дамыту бойынша швейцариялық компаниялармен меморандумға қол қойды

16 Ақпан 2022, 08:48
1067
Бөлісу:
Брекешев балық шаруашылығын дамыту бойынша швейцариялық компаниялармен меморандумға қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология министрі Серікқали Брекешев швейцариялық екі компания өкілдерімен Қазақстанда бекіре тұқымдас балық өсіруді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Біз швейцариялық «Caviar House & Prunier Group SA» және «Swiss Choice Holding SA» компанияларымен балық шаруашылығын дамыту жөніндегі Меморандумға қол қойдық. Бұл салаға еліміздің басшылығы үлкен көңіл бөлетінін ескере отырып, министрлік инвестициялар тартуға мүдделі, - деп жазды твиттердегі жеке парақшасында ведомство басшысы.

Меморандум қолданыстағы балық өсіру шаруашылықтарының өнімін арттыруды, жаңа жұмыс орындарын құруды, инвестиция тартуды, бекіре балық уылдырығы өндірісін дамытуға озық технологияларды енгізуді және «Qazaq» уылдырығын халықаралық нарықта өткізудің жаңа арнасын құруды көздейді.

Швейцария тиімді басқару мен жоспарлаудың арқасында балық шаруашылығы саласында жетекші орынға ие екенін айта кеткен жөн. 

Біз сіздің компанияңызбен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Біздің ынтымақтастығымыз бекіре тұқымдас балық уылдырығын өндіруді дамытуға ең озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді әрі қазақстандық уылдырықты ішкі және халықаралық нарықта өткізудің жаңа арнасын ашады деп сенемін, - деп атап өтті министр.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстан Үкіметі Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады, оның шеңберінде Экология министрлігі инвестициялық жобаларды іске асыру, оның ішінде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және олардың уылдырығын өндіру бойынша балық өсіру шаруашылығын құру жұмыстарын  жұмыстар жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы