Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында есірткі мафиясына қарсы жүргізілген ірі полиция операциясы кезінде 120-ға жуық адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Бразилия билігі 119 адамның көз жұмғанын ресми түрде растады. Алайда адвокаттар мен құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза тапқандардың нақты саны 130-дан асып кеткен болуы мүмкін. Бұл оқиға ел тарихындағы ең қанды полицейлік рейд ретінде тіркелді.
Рейдтер 28–29 қазан күндері Рио-де-Жанейроның солтүстігіндегі Алемао және Пенья фавелаларында өтті. Операция «Қызыл команда» деп аталатын қылмыстық топқа қарсы бағытталған. Арнайы операцияға шамамен 2,5 мың полиция қызметкері қатысқан.
Рио әкімшілігінің хабарлауынша, рейд барысында 118 атыс қаруы мен жарылғыш заттар тәркіленіп, 113 адам, оның ішінде 10 жасөспірім ұсталған.
Бразилияның әділет министрі Рикардо Левандовски қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, президент Луис Инасиу Лула да Силва да құрбандардың көптігіне байланысты терең күйініш білдіргенін жеткізді.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш полиция рейдтері салдарынан болған адам өліміне алаңдаушылық білдіріп, Бразилия билігін адам құқықтарын қатаң сақтауға және оқиғаны жан-жақты тергеуге шақырды.
Операцияны Amnesty International және басқа да халықаралық құқық қорғау ұйымдары айыптады. AFP-ке сұхбат берген куәгерлер мен адвокаттар кейбір ұсталғандардың оқ тиген жарақаттан қаза тапқанын мәлімдеген.
Айта кетейік, келесі аптада Рио-де-Жанейрода БҰҰ-ның климат жөніндегі конференциясы аясында бірқатар халықаралық іс-шаралар өтеді.