Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ОКҚ-да өткен брифингте өңірдегі жағдай жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде облыста әлі де қауіп сейілген жоқ. Орал қаласында және 12 ауданның сегізінде жағдай тұрақтанды. Бірақ облыс орталығы мен Жайық бойында орналасқан 4 ауданда - Ақжайық, Бөрілі, Бәйтерек және Теректі аудандарына қауіп төніп тұр. Осы аудандарда 90-нан астам елдімекен бар. Онда 80 мыңнан астам халық тұрады, - деді Қалияр Айтмұхамбетов брифингте.
Оның айтуына қарағанда, қауіп Ресейден келе жатқан Челябі, Орынбор облысынан түсетін Жайық өзенінен төніп тұр.
Жайық өзенінің бойында тұрған Ириклинск су қоймасынан осыдан бірнеше күн бұрын максималды 2 170 текше метр су жіберілді. Бүгінде 1 520 текше метрге дейін азайды. Бірақ бұл әлі де көп. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы жыл бойы бұл су қоймасынан секундына 15 текше метр аққан. Жол бойындағы Сакмар, Елек, Шыңғырлау өзендері де толды. Жалпы үлкен су облыс аумағына 15-20 сәуірде келеді деп болжанып отыр. Жайық бойындағы елді мекендерге барлық күшімізді салып жатырмыз. Қолдан дамбалар тұрғызып жатырмыз, - деді БҚО басшысының орынбасары.
Бүгінде аталған 4 ауданда және қалада 300-ге жуық арнайы техника жұмыс істеп жатыр.
Оның айтуынша, Жайық өзені бойынша су деңгейі күн сайын артып келеді.
Бүгін таңертең Жайық өзенінің деңгейі 710 см болса, қауіпті деңгейі 850 см.