Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстандағы Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қос ауданда тасқын қаупі күшейіп барады. Бұған дейін Шалғын ауылын су басқанын және өзге елді мекендердің жолы жабылып қалғанын айтқан едік. Шалғында 25 үйге зақым келген. Адамдар аман. Ал малдан шығын болды. 30 шақты қой-ешкі өлген. Құтқарушылар 57 адамды жақын жердегі Қоскөл ауылына көшірді. Соның 37-сі бала. Оқушылардың жартысы әзірге сол ауылда, ал қалғаны облыс орталығында білім алады.
Сел басқан ауылда ер адамдар қалған. Олар қоражайды қарайды және табиғи апатты ауыздықтауға күш салады. Ал Шыңғырлау ауданында Сегізсай мен Шыңғырлау ауылдарының арасындағы жолды 9 жерден су шайып кетті. Алмаз ауылы маңындағы көпір де опырылып, көлік қатынасы тоқтады. Қазір ТЖД қызметкерлері тасқынға тосқын шараларын жүргізіп жатыр. Ал зардап шеккен отбасылардың шығынын арнайы комиссия есептеп, тиісінше мемлекет тарапынан өтемақы беріледі.
Ең қауіпті, қиын жағдай Қаратөбе ауданы Шалғын ауылында қазір. Осы екі күн ішінде үлкен су келіп, үйлердің жартысын су басты. Біз тиісті техникамен көмектесеміз және басқа да қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алмаз ауылына кіреберіс көпірді су шайып кетті. Яғни сол ауылға еш жақтан, Ақтөбе жолынан да, Шыңғырлау жағынан да жол қатынасы қазір болмай тұр. Егер қиын жағдай болып жатса, әрине, біз сол ауылдың кісілеріне көмекке бару үшін даланың жолдарымен баруға мүмкіндігіміз бар. Барлық ауылдар азық-түлікпен, басқа қажетті заттармен қамтылды. Әр ауылдың кәсіпкерлері бар яғни, тек қана мемлекет емес, бәріміз зардап шеккен жерлестерімізге көмек көрсететін боламыз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Күннің 3-4 күн бойы ыстық болуы 18 градусқа дейін көтерілуін білесіздер. Соған байланысты судың өз арнасынан асып, жолда ауылдың ішіне кіруге себеп болған. Судың төмен түсуі байқалып отыр. Дегенмен де біз жоғарыдан келетін Шыңғырлау, Қаратөбенің аумағында орналасқан қардың есесін ескере отырып, олардың бағытын бақылауда ұстап отырмыз. Біздер сол жерде әдейі техникаларды ұстап отырмыз. Сол жерде қалған ер азаматтармен бірге (тасқын) келген жағдайда судың жол жүрісін түзеп, сондай жұмыстар атқарып отырмыз, – деді облыстық ТЖД бастығы Ернұр Өтегенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҚО-да 25 үйдің су астында қалғанын жазған болатынбыз.