БҚО-дағы су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі

24 Сәуір 2024, 16:42
425
Бөлісу:
БҚО-дағы су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі
Фото: ОКҚ

Бұл туралы Республикалық ақпараттық штабының брифингінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресей Федерациясының Иреклі су қоймасынан жіберілген су еліміздің аумағы арқылы өтіп жатыр. Тасқын суының үлкен көлемі Жайық өзенінің арнасы бойынша Орал қаласы арқылы өтеді. Өңірде су тасқыны жалғасып жатыр.

«Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шараларын атқаруда. Аймақтағы су қоймалары үлкен көлемде су қабылдауға дайын. Орал-Көшім суару-суландыру жүйесінің 4 су қоймасы белсенді су жинап жатыр. Қазір оларда 224 миллион текше метр су жиналды, бұл жалпы көлемнің 86%-ы, - деді Мөлдір Әбдуалиева.

Ол Үлкен және Кіші Өзен өзендеріндегі су тасқыны аяқталғанын хабарлады. Алайда Орал қаласындағы Жайық өзенінің деңгейі 863 см, ол бір тәулікте тек 1 см-ге төмендеген.

Тасқын суды ұтымды пайдалану және лимандарға, табиғи шабындықтар мен көлдерге жіберу үшін «Қазсушар» мекемесінің Батыс Қазақстан филиалының мамандары Орал-Көшім суару-суландыру жүйесін механикалық тазарту жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ каналдардың сумен шайылған учаскелерінде және су қоймалары каскадының гидротехникалық құрылыстарында жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, - деді министрлік өкілі.

Әбдуалиева «Қазсушар» мамандары Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен үнемі ақпарат алмасатынын жеткізді.

БҚО-дағы су тасқыны жағдайы тұрақты күрделі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы