Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылының маңында медициналық қалдықтардың шашылып жатқаны түсірілген видео тарады. Кадрларда қанға толы шприцтер мен өзге де медициналық қалдықтардың ашық жерде жатқанын көруге болады. Осы жағдайға байланысты BAQ.KZ редакциясы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сауал жолдаған еді.
Ведомствоның мәліметінше, медициналық қалдықтар Орал қаласынан 13 шақырым жерде орналасқан Байқоныс ауылының полигонынан анықталған.
Орал қаласынан 13 шақырым жерде орналасқан Байқоныс ауылының полигонынан медициналық қалдықтар анықталған. Полиция департаменті мен прокуратура органдарының қызметкерлері кінәлі тұлғаны анықтау шараларын жүргізіп жатыр, – деп жауап берді министрліктен.
Сондай-ақ ведомство мамандары оқиға орнына барып, зерттеу жұмыстарын бастағанын хабарлады.
Департаменттің мамандары зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандарымен бірге аталған жерге шығып, сынама алу жұмыстарын жүргізуде, – делінген ресми жауапта.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары медициналық қалдықтардың полигонға қалай түскенін және оларды тастаған тұлғаларды анықтау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.