БҚО-да жалпыға бірдей білім беру қорынан 7232 балаға көмек көрсетілді

27 Тамыз 2022, 14:24
999
Бөлісу:
БҚО-да жалпыға бірдей білім беру қорынан 7232 балаға көмек көрсетілді

Бұл жайлы БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева мәлімдеді, деп хабарлады Батыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жалпыға бірдей білім беру қорынан бір балаға көрсетілетін көмектің орташа құны – 37 389 теңге.

Сондай-ақ облыс бойынша «Мектепке жол» акциясы аясында 2556 оқушыға 53 млн 712 мың теңге бюджеттік қаржы есебінен және 2489 оқушыға 31 млн 671 мың теңге демеушілерден жиналған қаржы есебінен мектеп формасы, кеңсе тауарлары, спорттық киімдер сатып алынған. 

Басқарма басшысының орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын айтты.

БҚО-да алдағы оқу жылында 118 мыңнан астам оқушы орта мектептерде білім алады. Облыс бойынша 376 күндізгі білім беру ұйымы және 3 кешкі мектеп жұмыс жасауда. Облыс бойынша қыркүйек айынан бастап 368 мектепте оқитын 108 192 оқушы бескүндік оқу аптасына көшеді. Сондай-ақ 81 мектепте сабақ 1 ауысымда өтеді. Оларда 8583 оқушы білім алады. Ал 285 мектепте 95 939 оқушы екі ауысымда оқиды. Бұл оқу жылын 31 мамырда аяқтау және оқу жүктемесін азайту туралы шешімнің аясында мүмкін болып отыр, - дейді Светлана Ибрагимқызы.

Оқу процесіндегі өзгерістерге тоқтала кетсек, биылдан бастап бірінші сынып оқушылары ана тілін, екінші сыныптан орыс тілін, үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқиды. 1-сыныпқа «Көркем еңбек» пәнінің орнына «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізілген. 6-сыныпта «Музыка» пәні аясында домбыра тартуды үйрету қосылған. Алдағы оқу жылынан бастап оқушыларды шахмат қозғалысына көбірек тарту жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы