Батыс Қазақстан облысында сәулет және құрылыс бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен 88 өтініш қаралды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Мади Отарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған басқарма қала әкімдігімен, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, құрылыс алаңдарын, қоршауларды, сонымен қатар іргелес аумақтарды талапқа сәйкестендіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Мәселен, осы жұмыс аясында құрылыс салушыларға бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы 15 ескерту берген.
Мониторинг барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті рұқсатсыз құрылыс салудың 9 фактісін анықтады. Елдімекендер аумағында әртүрлі мақсаттағы нысандарды өз бетінше салуға жол берілмейді. Жобаны әзірлеу және алдын ала жобаны келісу үшін құзырлы орындарға бастапқы мәліметтерді беру қажет, - дейді Мади Отарбаев.
Басқарма өз функцияларын жүзеге асыру шеңберінде 2022 жылы 66 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 1309 хабарлама қабылдаған. Сондай-ақ, тексеріс нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, көппәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылған.
2023 жылдың 1 тоқсанында басқарма құрылыс монтаждау жұмыстарын бастағаны туралы 98 хабарлама қабылдады. Оның ішінде нысандарды пайдалануға қабылдаудың 197 актісі қаралып, жеке және заңды тұлғалардан түскен 88 өтініш қаралған.