Орал, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында 443 833 сайлаушы тіркелген.
Облыс бойынша 505 учаске таңғы 7:00-ден бері жұмыс істеп жатыр. Түскі сағат 12:00-дегі ақпаратқа сүйенсек, сайлаушылардың 32% дауыс беріп үлгерді, - дейді облыстық референдум комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Ғайса Хамидоллаұлының айтуынша, халық сайлауға белсенді қатысып жатыр. Облыс бойынша 24 учаскеде exit-poll қызметі жұмыс істеп жатыр. Шетелдік 3 бақылаушы бар.
Орал қаласында 123 учаске сайлаушыларды қабылдап жатыр. Сағат 11:00-дегі ақпаратқа сәйкес, қаладағы жабық 14 учаскенің 9-ында сайлау аяқталды. Ол уақытша учаскелер әскери нысандарда, ауруханалар, түзеу мекемелерінде орналасқан. Онда тіркелген 990 адамның 986-ы, яғни 99,6% дауыс берген. Ауруханада сайлауға тіркелген 4 адам үйіне шығарылуына байланысты мекенжайы бойынша дауыс береді. Қалада сайлаушылардың 30% сайлауға қатысты. Әзірге сайлаудың ұйымдастырылуына байланысты ешқандай арыз-шағым жоқ, - дейді Орал қалалық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Бекқайыр.
Біздің байқауымызша, жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандардың тұрғындары белсендірек.
Орал қаласының Сарытау шағынауданындағы №50 мектепте орналасқан №428 учаскенің комиссия төрайымы Мөлдір Жұмағазиеваның айтуынша, биыл отбасымен бірге сайлауға қатысушыларды көп байқаған.
Отбасының ата-әжесі бала-келінімен, немерелерімен бірге дауыс беруге келіп жатыр. Жас жұбайлар өте көп. Халықтың белсенділігі өте жоғары. Біздің учаскеде 2523 сайлаушы тіркелген, түскі сағат 12:00-ге дейін 700-дей сайлаушы дауыс берді, - дейді Мөлдір Ерсайынқызы.
Орал қаласындағы №349 сайлау учаскесіне 87 жастағы ақсақал дауыс беруге келіп, батасын берген.
Тұрғындар көше-көше болып, көршілерімен бірлесе келіп, өте белсенді қатысуда. Өздерінің ой-пікірлерін білдіруде. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау барысын бақылап отыр. Сағат 12:00-ге дейін 715 адам дауыс берді. Жасы ең үлкен және ең жас сайлаушыға естелік сыйлық табысталды, - деді №349 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Нұрболат Абайұлы.
Сарытау шағынауданы тұрғыны Данияр Қисабеков сайлаудан қалып көрмеген. Өзгеретін заңдарды БАҚ арқылы шолып шыққан.
Өзгеріс күтеміз. Өзгерістерге халықтың араласуы– міндетті. Сол үшін келіп дауыс бердік, - дейді Данияр Қисабеков.