Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакировтың айтуынша, түнде аудан тұсында Деркөл өзені 559 сантиметрге дейін көтерілген, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қауіпті меже 520 см саналады. Ал аталған аудандағы Шежін-2 өзені "Қазгидромет" РМК мәліметінше, бүгін таңғы 08:00-де 801 сантиметрге жеткен. Қауіпті деңгей 780 см.
Осыған байланысты кеше кешкісін БҚО ТЖ Департаментінің күш-құралдары мен №2 құтқару батальонын Тасқала ауылына көшіруге тура келген.
Суды қауіпсіз өткізу мақсатында жеке құрам аталған ауданға жіберілген болатын. Бірақ бүгін екі өзен де қайта арнасына түсті. Деркөл өзені түнде 559 см-ге жетсе, бүгін 16:00-дегі өлшемдер бойынша дария деңгейі 464 сантиметр. Яғни 95 см-ге төмендеген. Ал Шежін-2 өзені бүгін 50 сантиметрге түскен. Болжам бойынша ол өзендер қайта тасымайды. Осыған байланысты құтқарушыларымыз енді Бәйтерек ауданы Белес ауылына көшірілді. Себебі Деркөл өзенімен ойысқан мол су бері қарай, Орал қаласына қарай келеді, - дейді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті Жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Жарас Көпжасаров.
Өзендердегі мұз кептелісінің алдын алу мақсатында өңірде 13 наурызда мұзжарғыштар өз жұмысын бастады. Кеше Шаған мен Деркөл өзендерінің қосылған тұсындағы мұз қабатын жарып әлсіретсе, бүгін арнайы бригадалар Бөрлі ауданындағы Шыңғырлау және Ақжайық ауданындағы Өлеңті өзендерінде жару жұмыстарын жүргізген.
Жалпы ауданы 3900 шаршы метр учаскеде жарылыс жасалды. ТЖД осы жұмыстарға қажетті барлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуде. Облыс бойынша жағдай бақылауда, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Бакизат Мағзенова.