Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев алдағы су тасқыны кезеңі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті. Осы ретте, су басу қаупі бар аумақтарда тасқынның алдын алу жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Өңірдегі Жайық өзенінің бойы бекітіліп, су басу қаупі бар аумақтарға 102 шақырымды құрайтын 54 қорғаныс бөгеттері тұрғызылған. Ресурстар бойынша: 1817 бірлік техника, 4 мыңнан астам жұмылдырылады.
Айта кетерлігі, облыста көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жаз айларында басталған болатын. Мамандар қауіпті аймақтарды зерделеп, нәтижесінде алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы Жол картасы әзірленген.
"Қазгидромет" мамандарының болжауынша, биылғы жылы да су тасқыны қаупі бар.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірдей мөлшерде жауын-шашын жауды. Осының нәтижесінде Тасқала, Сырым, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек және Орал қаласында жердің бетінде 2 см қалыңдықта мұз жабындысы пайда болды. Ауа райы күрт жылып, жаңбыр мол жауатын болса, наурыз айында бұл мұз жабындысы су тасқынына әкелуі мүмкін, – деді "Қазгидромет" РМК БҚО филиалы директоры Т.Шапанов.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су қоймалары мен тоғандардың жағдайын бақылау, тасқын суды өткізуді қамтамасыз ететін арналарды, каналдарды, арықтарды тазалауды, сонымен қатар су тасқынын жоюға арналған күш пен құралдардың, қорғаныс бөгеттерінің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Көктемге барынша дайын болу керекпіз. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы жүргізуіміз маңызды. Қала, аудан әкімдері және тиісті мекемелердің осы жұмыстарды күшейтуін тапсырамын, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.