Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында ер адам тұрғындарға бензопиламен шабуыл жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 30 мамырда түнде Бөрлі ауданында болған. Қолына бензопила ұстаған ер адам көліктер мен адамдарға шабуыл жасаған.
2025 жылдың 30 мамырында сағат 00:30-да Бөрлі ауданының полиция бөліміне "102" пульті арқылы қоңырау түсті. Телефон соққан адам "Нефтэк" жанар-жағармай станциясы аумағында бензопиламен белгісіз адамның агрессивті әрекет жасап, көлік құралдары мен адамдарға шабуыл жасағаны туралы шағым тастады», – делінген полиция хабарламасында.
Аудандық полиция бөлімі мәлімдегендей, қазіргі таңда тұрғындарға шабуыл жасаған 36 жастағы ер адам ұсталды.
Қабылданған қауіпсіздік шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 1989 жылы туған Т. есімді азаматты ұстады. Қазіргі таңда ол Уақытша бейімделу және детоксикациялау орталығына орналастырылды. БҚО бойынша психикалық денсаулық орталығына орналастыру мәселесі қаралуда», – деп ақпарат таратты аудандық полиция бөлімі.