Ауыл шаруашылығы вице-министрі Батыс Қазақстан облысының халқымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков Батыс Қазақстан облысының халқымен, соның ішінде Орал қаласының тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері, соның ішінде субсидиялау жайы талқыланды.
Келесі жылы егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінетін қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығының барлық кезеңдерінде, дайындықтан бастап өнімді жинауға дейін фермерлерді қолдауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
Сондай-ақ Ербол Тасжүреков Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында іске қосылған бағдарламаны атап өтті.
Атап айтқанда, «ҚазАгроҚаржы» арқылы отандық өндіріс және құрастыру ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама 5% мөлшерлемемен 120 млрд теңге қарастырған.
Батыс Қазақстан облысы бойынша бүгінгі күні аталған бағдарлама аясында 493 өтінім түсіп, жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге қаржылық лизинг бойынша 431 өтінім бойынша келісімшарт жасалды. 2025 жылы бұл мақсаттарға кемінде 200 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.
Жеңілдетілген несиелерді тиімді пайдалану үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Фермерлерді тікелей субсидиялаудан несие берушілерді, техника өндіруші зауыттарды, тыңайтқыш және су жеткізушілерді субсидиялауға көшу жүзеге асырылды. Бұл шаралар субсидиялаудың ашықтығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
2024-2026 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру бойынша Жол картасы аясында республика бойынша биыл 258 жоба іске асырылып, 250,6 млрд теңге игерілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 15,4 млрд теңгеге 11 жоба іске қосылды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерін қызықтырған барлық сұрақтарына жауап алды.