Батыс Қазақстан облысында хабар-ошарсыз кеткен төрт адамның үшеуінің денесі табылғаны, тағы бірі әлі іздестіріліп жатқаны бұған дейін хабарланған. Өкінішке қарай, соңғысы да өлі күйінде табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күйгенкөл ауылдық округінде бүгін сағат 15.57-де Жасқайрат ауылынан 10 шақырым жерде 59 жастағы ер адамның мүрдесі табылды, деп хабарлайды Kazinform Жәнібек ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Ол 13 желтоқсанда Күйгенкөл ауылдық округінің Бұқар қыстағынан мал бағуға шығып кетіп, содан оралмаған.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, бұған дейін үш адамның денесі табылған. Олар әртүрлі жағдайда далада үсіп өлген. Бірі мал іздеуге шықса, бірі адасып кеткен.