Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жалған анықтама жасап, қолданғаны үшін 2 тұлға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бөрлі ауданының прокуратурасымен әкімшілік заңнаманың қолданылуын талдау барысында жалған анықтаманы қолдану фактісі анықталды.
Анықталғандай, Бөрлі аудандық полиция бөлімімен «Р»-ге қатысты Әкімшілік кодекстің 608-бабының 6 бөлігі (алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізу) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында азаматша «Р» досынан өзінің жүктілігі туралы жалған анықтама беруін сұраған. Оның өтініші бойынша орталық аудандық аурухананың фельдшері «Б» жалған анықтама дайындаған, аталған анықтама кейін сотқа ұсынылған.
Аталған фактілер бойынша Бөрлі ауданының прокуратурасы тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жалған анықтама дайындағаны үшін фельдшерге қатысты ҚК-тің 385-бабының 1-бөлігі бойынша, ал құқық бұзушыға қатысты ҚК-тің 385-бабының 3-бөлігімен сотта жалған анықтаманы пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.
Бөрлі аудандық сотының үкімімен азаматша «Р» Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігімен (жалған құжатты пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге сотталды.
Осы соттың үкімімен фельдшер жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылып 50 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге сотталды.
Бөрлі аудандық сотының қаулысымен азаматша «Р» ӘҚБтК-тің 608-бабының 6-бөлігімен кінәлі деп танылып 20 тәулік көлемінде әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.