Бозымбаев: Тау туризмін дамытуда абстрактылы талқылаудан нақты қадамға көшуіміз керек

30 Қаңтар 2022, 10:24
2039
Бөлісу:
Бозымбаев: Тау туризмін дамытуда абстрактылы талқылаудан нақты қадамға көшуіміз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы тау кластерін дамыту мәселелері бойынша тиісті министрліктер жетекшілері, облыс және қала басшылығы, ірі тау-шаңғы курорттарының иелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. 

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған шарада Алматы тау кластерінің әлеуеті, басымдық берілетін локациялары, өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын қорытындысында үш жақты бірлескен мастер-жоспар әзірленетін болады, бұл құжат Алматы облысы мен Алматы қаласы және бизнес қауымдастықтың Алматы агломерациясы аумағында бәсекеге қабілетті туристік орта қалыптастыруға бағытталған үш жақты іс-шараларын үйлестіретін болады. 

Кездесуде Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев Жетісу аймағында табиғи-рекреациялық, тарихи-мәдени ресурстардың мол болуы туризмнің барлық түрлерін, соның ішінде тау туризмін дамытуға зор мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. 

Тау туризмі бүкіл әлемде танымал әрі табысты саналады. Бүгінгі күні тау туризмі мен қысқы спорт түрлерін жаңа деңгейде дамыту қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан Алматы тау кластерін өркендету мәселелерін жүйелі шешу үшін бірінші кезекте осы салада жұмыс істеп жүрген бизнес өкілдерінің пікірін тыңдау біз үшін аса маңызды. Бүгінгі жиынды осы мақсатта өткізіп отырмыз, - деді Қанат Бозымбаев. 

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев туристік салаға мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаулар мен ынталандыру шаралары туралы айтып берді.

Тау-шаңғы құрал-жабдықтары мен техникасын сатып алу шығынының 25% мемлекет тарапынан өтеледі. Қазір бұл техникалардың тізімін кеңейту мәселесі қаралуда. Сол сияқты туристік нысанды, яғни орналастыру орындары, туристер келетін орталықтар және басқа да объектілерді салу мен қайта жаңғырту шығындарының 10% өтеледі. Біз Кәсіпкерлік кодексі шеңберінде басым деп танылуы үшін инвестициялық жобалар құнының ең төменгі шегін 2 млн. айлық есептік көрсеткіштен 200 мың АЕК-ке дейін төмендеттік, - деді Д.Абаев. 

Ол министрлік бұл саланы қолдау шараларын жалғастыратынын және өңір бизнесін дамытуға қатысты ұсыныстарды қарастыруға дайын екендігін айтты.

Өз сөзінде Экология, геология жәнен табиғи ресурстар министрінің орынбасары Әлия Шалабекова тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мен кәріз жүйелеріне қатысты мәселелердің ортақ жүйелі шешімі болуы керектігіне тоқталды. Бұл ретте туристер үшін экологиялық таза әрі қолайлы климат қалыптастыруда бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз деді. 

«Ракурс Консалтинг» компаниясының серіктес басқарушысы Досым Қыдырбаев модераторлық еткен басқосуда Алматы тау кластерін дамытудың тиімді жолдары туралы кәсіпкерлер пікірілерін білдірді. Солардың қатарында «Ой-Қарағай Лесная сказка», «Ақбұлақ», «Шымбұлақ», «Табаған Ресорт», «Көк Тау» тау-шаңғы курорттарының және «Пионер» отбасылық курортының басшылары да саланы дамыту жолдары туралы ұсыныстарымен, жоспарларымен бөлісті. Айтылған пікірлер негізінен сервис сапасын көтеру үшін арнайы мамандар даярлау, туризм нысандарына қоғамдық көлік қатынасын және қоқыс өңдеу ісін ұйымдастыру, жасанды қар жасау құралын сатып алуға қаржылай қолдау көрсету, балалардың тауда тегін шаңғы тебуін мектеп бағдарламасына енгізу, инженерлік инфрақұрылыммен қамтуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне қатысты айтылды. Мәселелерді талқылай келе кәсіпкерлер тау кластерін дамыту идеясы тек бірлесе әрекет еткенде ғана іске асатынын жеткізді.

Ешкім де туристік саланы жеке дара дамыта алмайды. Табысты нәтижеге қол жеткізу үшін бұл ретте мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктіруіміз керек, - деді «Ой-Қарағай Лесная сказка» тау курортының президенті Ерлік Балфанбаев.    

Жиынды облыс әкімі Қанат Бозымбаев қорытындылады.

Ең алдымен кездесуге қатысқан баршаларыңызға рахмет айтамын. Бүгінгі отырыс негізінде хаттама дайындалып, оған осы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы енгізіледі және жауапты органдар белгіленеді. 2019 жылы құрылып, жұмысы тиімсіз екенін көрсеткен Алматы тау кластері жобалық кеңсенің құрамы мен құрылымын және жұмыс істеу әдісін қайта қарауды ұсынамын. Оның орнына бизнес өкілдерінің қатысуымен басқару компаниясын құру керек. Кластерді дамытуға бағытталған барлық құжаттарды өзектендіру қажет. Сонымен бірге іс-шараларымызды үйлестіретін Тау туризмі кеңесін құруымыз керек. Оның құрамына бизнес өкілдері, тиісті салалық министрлердің орынбасарлары, облыс пен қала әкімдерінің туризмге жетекшілік ететін орынбасарлары, басқарма басшылары кіргені жөн. Кеңес тоқсан сайын отырысын өткізіп, ағымдағы мәселелердің шешімін жедел қарастырып, кезең-кезеңімен жасалатын қадамдарды талқылауы тиіс. Барлық дайындалған құжаттар қайта жандандырылады. Ол үшін біз Алматы тау кластерін дамыту бойынша үш жақты бірлескен мастер-жоспар әзірлеуіміз керек. Оған енгізілген жобалар коммерциялық жағынан тиімді болуға тиіс. Он күн ішінде сіздерден іске тежеу болып отырған заңнамалар мен нормативтік құқықтық актілерге қатысты өзгерістер мен толықтырулар бойынша нақты ұсыныстар күтеміз. Біз мәселені абстрактылы талқылаудан нақты қадамға көшуіміз керек. Алматы облысының экономикасы үшін туризм басымдық берілетін шешуші саланың бірі. Сондықтан бұл мәселелер ерекше бақылауымда болады, - деді Қанат Бозымбаев.

Өзгелердің жаңалығы