Бозымбаев денсаулығына байланысты министрліктен кетті

18 Желтоқсан 2019, 14:21
2942
Бөлісу:
Бозымбаев денсаулығына байланысты министрліктен кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі қызметін атқарған Қанат Бозымбаевты қызметінен босатқан еді. Оның себебі белгілі болды.

Аталған министрліктің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек өзінің телеграм каналына себебін жазды.

Министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің денсаулығы мен жуырда жасалған ота туралы айтты. Дәрігерлер көлікпен аз жүруге кеңес берген. Ұшақпен ұшуды азайтып, қалпына келу курсынан өту керектігін ескертті. Өздеріңіз білесіздер, министр қызметінде жүргенде аймақтарға жиі барып, салалық нысандар, стансалар мен кен орындарын аралауы керек. Оның үстіне, бұл қызмет шетелдік инвесторлармен немесе халықаралық ұйым өкілдерімен (ОПЕК, МАГАТЭ және тағы басқа) келіссөздер жүргізуді талап етеді, - дейді Нұрлыбек Жеңісбек.

Оның айтуынша, ол мойын омыртқасы тұсына ота жасатқан. 

Ал экс-министрдің өзі KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жағдайы жақсы екенін айтыпты. 

Бәрі жақсы, мен үшін алаңдағандарға рахмет. Олар ауырмасын. Менің жағдайым олардың бастарына келмесін. Біртіндеп-біртіндеп, бәрі аман-есен болады. Бір, бір жарым ай реабилитация жасау керек, - дейді Қанат Бозымбаев. 

Еске сала кетсек, бүгін Қанат Бозымбаевтың Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі болып тағайындалғаны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы