Бөтелке тапсыр да, бонус жина: Елімізде фандоматтар желісі көбейіп келеді

Фандоматқа тапсырылған әр бөтелке мен банка үшін 10 балл беріледі. Жиналған ұпайларды серіктестердің жеңілдіктеріне айырбастауға болады.

28 Қазан 2026, 13:47
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен 28 Қазан 2026, 13:47
28 Қазан 2026, 13:47
193
Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Қазір елімізде қоқысты сұрыптау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Осы бағыттағы бастамалардың бірі – пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды қайта өңдеуге қабылдайтын фандоматтар. Бүгінде Қазақстанда 53 осындай құрылғы орнатылған. BAQ.KZ тілшісі Астанадағы фандоматтардың біріне барып, оның жұмысымен танысып қайтты.

Sparklo Kazakhstan компаниясының бас директоры Татьяна Ашрафзянованың айтуынша, Астанада фандоматтар арқылы шамамен 2 миллион бөтелке жиналған. Ал Қазақстан бойынша тапсырылған бөтелкелер саны 5 миллионнан асқан. Қазіргі уақытта фандоматтар Астана, Алматы, Көкшетау, Бурабай және Петропавл қалаларында орнатылған. Бұдан бөлек, 1 қазаннан бастап жаңа өңірде бес құрылғы іске қосылған.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Татьяна Ашрафзянованың айтуынша, Астанада 16-дан астам фандомат орнатылған. Компанияның Қазақстандағы негізгі серіктестерінің бірі – Zero Waste. Екі ұйым құрылғылар желісін кеңейту жөнінде меморандумға қол қойған.

Біздің басты мақсатымыз – бөтелкелер мен банкалардың полигонға түсуіне жол бермей, оларды бірден қайта өңдеуге жіберу. Фандоматқа тапсырылған ыдыстар қайта өңдеушіге жеткізіліп, одан жаңа өнім жасауға қажетті шикізат алынады. Осылайша, қалдықтар қайтадан өндіріске оралады, – деді компания басшысы.

Оның сөзінше, фандомат арқылы жиналған шикізаттың тағы бір артықшылығы – салыстырмалы түрде таза болуы. Ал полигонға түскен қалдықтар өзге қоқыспен араласып, ластанады. Оларды қайта өңдеуге дайындау үшін қосымша жууға, су мен басқа да ресурстарды пайдалануға тура келеді.

Пластик бөтелке полигонда 400 жылдан астам уақыт бойы ыдырауы мүмкін. Бұл – өте ұзақ мерзім. Оның үстіне пластик көп орын алады. Сондықтан бөтелкелерді бөлек жинап, тікелей қайта өңдеуге жіберу қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді, – деді Татьяна Ашрафзянова.

Әр бөтелке үшін 10 балл

Фандоматты пайдалану үшін бөтелке немесе банканы құрылғыға өткізіп, телефон нөмірін енгізу қажет. Әр тапсырылған ыдыс үшін пайдаланушыға 10 балл беріледі. Жиналған ұпайларды арнайы қосымша арқылы компанияның серіктестері ұсынатын жеңілдіктерге айырбастауға болады.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Татьяна Ашрафзянова бұл жүйе тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға ынталандыруға бағытталғанын айтады. Қосымшада әртүрлі маркетплейстер, ойын сервистері мен дәріханалар сияқты серіктестер бар. Компания алдағы уақытта кафе, мейрамхана және өзге де қызмет көрсету орындарын тартуды жоспарлап отыр.

Көп адам бізден неге ақшалай сыйақы бермейтінімізді сұрайды. Өкінішке қарай, жиналған балдарды ақшаға айналдыра алмаймыз. Бұл – өзіндік геймификация жүйесі. Қосымшада пайдаланушылар рейтингі бар, көп қалдық тапсырғандарға марапаттар да беріледі. Әркім жинаған ұпайын өзіне қажет жеңілдікке айырбастай алады, – деп түсіндірді ол.

Мектеп оқушыларына да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі

Компания фандоматтар орнатумен қатар, халық арасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар өткізеді. Соның бірі – мектеп оқушыларына арналған дәрістер. Кездесулерде балаларға қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және қоршаған ортаны қорғау туралы айтылады. Сондай-ақ компанияның шетелдік әріптестері қатысып, басқа елдердің тәжірибесімен бөліседі.

Біз мектептерде оқушыларға арналған дәрістер өткіземіз. Шетелдік әріптестеріміз де осы жұмысқа қатысады. Басқа елдердің тәжірибесін көрсетіп, қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіреміз. Мысалы, Филиппинде үлкен жоба іске қосылып жатыр, ол жаққа 150-ден астам фандомат жөнелтілді, – деді компания басшысы.

Татьяна Ашрафзянова фандоматтарды отбасылардың да белсенді пайдаланатынын атап өтті. Оның айтуынша, балалар бөтелке тапсырғаны үшін бонус алғанына қуанады. Мұндай тәжірибе қалдықтарды сұрыптауды күнделікті әдетке айналдыруға ықпал етеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Жанерке Жәкен

Бала бөтелкені қоқыс жәшігіне тастап қана қоймай, оны қайта өңдеуге тапсырып, бонус алады. Бұл балалар үшін қызықты. Осындай қарапайым әрекеттер арқылы қалдықтарды сұрыптау күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналуы мүмкін, – деді ол.

2027 жылдың соңына дейін 1 700 фандомат орнату жоспарланған

Компания Қазақстандағы фандоматтар желісін кеңейтуді көздеп отыр. Татьяна Ашрафзянованың айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін құрылғылар санын 1 500-1 700-ге жеткізу жоспары бар. Ол үшін компания жаңа серіктестер іздеп, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қолдауына үміт артады.

Біздің жоспарымыз ауқымды. 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1 500-1 700 фандомат орнатуға тырысамыз. Құрылғыларды орналастыру үшін серіктестермен жұмыс істейміз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қолдауы біз үшін маңызды, – деп қорытындылады Татьяна Ашрафзянова.

Компания өкілінің пікірінше, фандоматтар қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге жіберудің бір жолы ғана емес, тұрғындардың экологиялық әдетін қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Ал құрылғылар желісінің кеңеюі бөтелкелер мен банкаларды полигонға жеткізбей, қайта өңдеуге бағыттауға жағдай жасайды.

Наверх