Жетісу облысында бос жұмыс орындарын жасырған 29 кәсіпорын жауапқа тартылды.
Прокуратура азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жасырын жұмыссыздықты жою бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Әлеуметтік саланы мониторингілеу барысында бос жұмыс орындарын жариялаудан жалтарған жұмыс берушілердің қызметіндегі елеулі заңбұзушылықтар анықталды.
Қаратал ауданының прокуратурасы жүргізген талдау бірқатар кәсіпорындардың Әлеуметтік кодекс талаптарына қарамастан, бос лауазымдар туралы мәліметтерді жасырғанын көрсетті. Жұмыс берушілер мәліметтерді Электрондық еңбек биржасында белгіленген бес күндік мерзімде орналастырмай, еңбек нарығының ашықтық принциптерін бұзған. Бұл ондаған маманның өз мамандығы бойынша дер кезінде жұмыс табу мүмкіндігін шектеді. Енгізілген қадағалау актісін қарау нәтижесінде 29 жұмыс беруші әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қадағалау органының араласуы бос жұмыс орындарын «көлеңкеден» шығарып, еңбек нарығын өзекті ұсыныстармен нақты толықтыруға мүмкіндік берді, - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында ауданның 100-ден астам жұмыссыз тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде пробациялық бақылаудағы және алимент бойынша берешегі бар 15 адамның еңбекке тартылуы ерекше маңызға ие. Олардың тұрақты табысқа ие болуы кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғауға және әлеуметтік шиеленісті азайтуға тікелей ықпал етеді.
Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың еңбек ету құқығын қорғау және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау өңір прокуратура органдары жұмысының басым бағыттары болып қала беретінін атап өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында алтын кенішіне заңсыз кірген 20 адам 15 тәулікке қамалды.