ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев баспасөз конференциясында өткен циклон мен борандарға байланысты Қазақстан тасжолдарындағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, боранның ең күшейген кезеңі аяқталғанымен, циклонның салдары әлі де сезілуде: трассаларда қарға кептеліп қалған көліктер, оның ішінде жүк машиналары бар. Құтқарушылар эвакуация жұмыстарын жүргізіп, жолдарды тазалауды жалғастырып жатыр.
Циклон елдің орталық бөлігі арқылы өтті, кейбір аудандарда әлі де боран сақталып тұр. Соған қарамастан жол учаскелері ашық, құтқару қызметтерінің жұмысы жалғасуда. Біз трассаларда қарға кептеліп қалған көліктерге көмек көрсету үшін күштерді бағыттадық. Нақты деректерге тоқталсақ, жолда қалған жеңіл көліктердің, жүк машиналарының, жол талғамайтын көліктердің, сондай-ақ адамдардың саны тіркеліп, республикалық орталыққа жолданып жатыр. Мәліметтер үнемі нақтыланып отырады, өйткені жағдай әр минут сайын өзгеруде, – деді Жәнібек Кәрімбаев.
Сонымен қатар ол азаматтарды ауа райы болжамы мен жолдардағы жағдай туралы ақпаратты мұқият қадағалауға шақырды.
Азаматтар жабылған жолдар мен ескертулердің жай ғана формалдылық емес екенін түсінуі керек. Біз циклон салдарын барынша азайту үшін трассаларды алдын ала ашуға тырысамыз және өңірлік қызметтермен жұмысты үйлестіріп отырмыз, – деді ведомство өкілі.