Боранды күні мал іздеуге шыққан жасөспірім аман табылды

13 Желтоқсан 2023, 07:25
11534
Бөлісу:
Боранды күні мал іздеуге шыққан жасөспірім аман табылды
Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

Қызылордалық полицейлер боранды күні мал іздеуге шыққан 16 жастағы жасөспірімді іздеп тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қызылорда облысында 11 желтоқсанда ауа райы күрт өзгеріп, 25 градусқа дейін суытты. Сол күні күндізгі сағат 10:00 шамасында 46 жастағы азамат 16 жастағы ұлымен Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Ақшоқы учаскесінде фазендадан екі жаққа бөлініп, мал іздеуге шыққан.

Сағат 14:00 шамасында әкесі фазендаға қайта оралып, баласының фазендаға әлі келмегенін біледі. Алғашқыда автокөлікпен ұлын іздеуге өзі шығады. Әрекеті сәтсіз болып, ол полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

Жасөспірімді іздестіруге Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды. Полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылды. Ауданның барлық ауылы, далалық жолдар түгел қамтылды. Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған бала түнгі сағат 2:00-де Жалағаш ауданы Жаңадария ауылына қарасты далалық жерден солтүстікке қарай 20 шақырым жерден табылды.

Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Жасөспірім қатты желдің әсерінен жолынан адасқан. Аймақ тұрғындарынан дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауын сұраймыз, - дейді Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов.

Өзгелердің жаңалығы