Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігі ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылғанда тыңдамай жолға шығатын жүргізушілерге айыппұл салуды қарастырып жатыр.
Бұл сұрақ бойынша бізде талқылау жүріп жатыр. Естеріңізде болса, Владимир Божко төтенше жағдайлар министрі болғанда (қазіргі кезде Мәжілістің вице-спикері) ауа-райының қолайсыздығына байланысты жол жабылғанда тыңдамай шығып кететін жүргізушілерге айыппұл салу туралы ұсыныс айтқан болатын. Бүгінгі таңда бұл мәселе қайта көтеріліп жатыр, - дейді ҚР ІІМ ТЖ комитетінің төрағасы Владимир Беккер үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.
Оның айтуынша, бұл ережені әкімшілік жауапкершілік кодексіне енгізу ұсынылғанын атап өтті.
Айта кетейік, қаңтар айында бірнеше рет солтүстік, орталық өңірлерде боран болып, республикалық жолдар қайта-қайта жабылған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, биыл елорданың қысы қатты болып тұрғаны туралы осыған дейін жазғанбыз. Қалың жауған қар қала тұрғындарын әбігерге салып, әкімдік жұмысын сынаққа алғандай. Мамандардың айтуынша, қаңтар айында еліміздің бас қаласына әдеттегіден үш есе көп қар жауған. Бас қаланың қандай бейнеде екенін BAQ.KZ тілшісі "Қар құрсауындағы елорда" атты фоторепортаж арқылы айтты. Біздің тілшілер қаланың сыртында орналасқан ауылдың ақтүтек бораннан кейінгі жағдайы туралы да жазды.