Боранда жылқыны құтқару үшін үш шақырым жүгіріп өткен құтқарушының әрекеті елді сүйсінтті

Оқиға Макинск қаласының маңында болған.

 видеодан алынған кадр Кеше 2026, 10:15
Кеше 2026, 10:15
481
Фото: видеодан алынған кадр

Ақмола облысында құтқарушылар тағы бір ерекше оқиғамен көпшіліктің назарын аудартты. Бұл жолы Бұланды ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Бахтияр Абдрахманов батылдық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев Бұланды ауданында өткен авариялық-құтқару жұмыстары кезінде ерекше ерлігімен көзге түскен құтқарушы туралы айтып берді.

Солардың бірі – Бұланды ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Бахтияр Абдрахманов.

Оқиға Макинск қаласының маңында болған. Малшының жылқысы көпір астындағы қалың қарға батып, өздігінен қозғала алмай қалған. Суықтан әбден тоңып, әлсіреген жануардың тынысы ауырлап, жағдайы күрт нашарлаған.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар алдымен жылқыны қолмен қар құрсауынан босатып, жолға жақын жерге дейін сүйреп шығарды. Кейін авариялық-құтқару көлігінің лебедкасының көмегімен оны жол үстіне көтеріп алды.

Алайда ұзақ уақыт қар астында қалған жануар бірден жүріп кете алмады. Біраз тынығып, күш жинауына мүмкіндік берілген соң Бахтияр Абдрахманов тізгінді өз қолына алып, жылқымен бірге қалаға қарай жүгіре бастады. Себебі жануардың үстіне міну немесе оны көлікпен сүйреу оның жағдайын одан әрі ауырлатуы мүмкін еді, - деді департамент өкілі.

Қатты аязға қарамастан құтқарушы шамамен үш шақырым жолды тоқтамай жүгіріп өтті. Бұл оның мықты физикалық дайындығын айқын көрсетті. Бахтияр альпинизм және жеңіл атлетикамен айналысады, сондай-ақ «Batyr Team» ведомстволық спорт клубы аясында жаттығу залында тұрақты түрде дайындалады.

Макинск қаласына жеткеннен кейін жылқы иесіне аман-есен тапсырылды. Ал оның иесі сол уақытта құтқарушылардың көлігінде жылынып отырған.

Құтқарушылардың үйлесімді әрекеті мен Бахтияр Абдрахмановтың табандылығының арқасында бұл оқиға сәтті аяқталып, тағы бір жануар аман қалды. Мұндай сәттер нағыз батырлар арамызда жүргенін тағы бір дәлелдейді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Aqmola Tjd (@112aqmola)

Наверх