Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қорғас» ШЫХО ЕЭА аумағында орналасқан бондтық қоймадан халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін реттеуге мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Енгізілген түзетулер Қазпоштаға «Қорғас» ШЫХО ЕЭА аумағында орналасқан бондтық қоймадан халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін реттеуге мүмкіндік береді.
Бұл Қытай елінің пошта қызметтеріне жүгінбей Қытайдың логистикалық компанияларына Еуроодақ елдеріне Қазпошта арқылы сәлемдемелерді жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай компанияларға Қазақстанда жүкті ресімдеу уақыты да айтарлықтай қысқарады.
Жалпы, бондық қоймаларды құру еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға, инвестицияларды тарту үшін қолайлы ахуалды жасауға, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және жетілдіруге ықпал етеді. Жылдың соңына дейін еліміз арқылы жүк транзитінің болжамды көлемі 430 тоннадан асады.
Оған қоса, бонд қоймалары елдер арасындағы тауар айналымын арттырып, Еуроодақ пен Орталық Азияға тауар жеткізу уақытын қысқартады.
Сондай-ақ, Заңға енгізілетін түзетулер Қазпоштаға заңды тұлғалар үшін тауарларды жеңілдетілген экспорттау сервисін енгізуге мүмкіндік береді, бұл декларация ретінде экспорттаушыларға тауарларға арналған пошта құжаттарын (кедендік декларация: CN 22 және CN 23) пайдалануға мүмкіндік береді.
Аталған сервисті енгізу экспортты декларациялау және тауарларды қайта импорттау кезінде халықаралық пошта жөнелтілімдерін кедендік ресімдеуді жеңілдетеді. Қазпошта кәсіпкерлерге кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрін ұсынатын болады. Енді кез-келген пошта бөлімшесінде тауарларға арналған құжаттарды кеден органдарына бармай, кедендік алымдарды төлемей ресімдеуге болады.