Бөлекпаев Шет ауданындағы баспана, жылу, су мәселесін барлап қайтты

26 Шілде 2023, 20:06
577
Бөлісу:
Бөлекпаев Шет ауданындағы баспана, жылу, су мәселесін барлап қайтты
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Үйлерінің техникалық жағдайына шағымданған Ағадыр тұрғындарына жөндеу жұмыстарын жасауға көмек көрсетіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, тұрғын үй қыс басталғанша ретке келтірілуі тиіс.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына жұмыс сапары барысында осы үйді аралап, мәселенің шешімі туралы айтып берді.

Тәуелсіздік Қазақстан көшесіндегі 8 пәтерлі үйде үш отбасы тұрады.

Төбесіндегі кірпіш құлап, сол жерден су аға бастаған. Бұл мәселе бізге мәлім. Аудан әкімімен ағымдағы жөндеу және қажетті жұмыстарды жүргіземіз. Осы мақсаттарға алдағы сессияда бюджеттен 12 млн теңге көзделетін болады. Жөндеу жұмыстарын қыс басталғанға дейін аяқтау қажет, – деді Ағадыр кентінің әкімі Азамат Әбілдин.

Өңір басшысы Ағадырдың жылу беру маусымына дайындығын да тексерді. Сонымен қатар, жаңа үйлер салу және абаттандыру барысымен танысты.

Кентте жылумен жабдықтауды жақсарту үшін үш қазандықтың жабдықтары жаңартылады. Мерзімі өткен алты қазандық ауыстырылады. Жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ағадырда кезекте тұрғандар үшін сегіз жартылай жеке үй салынуда. Тұрғын үй биыл жалға беріледі.

Пәтерлер абаттандырылады, орталық сумен жабдықтау және кәріз жүйесі бар.

Сондай-ақ, Ермағанбет Бөлекпаев А.Ермеков атындағы мектепте жұмыстардың қалай жүріп жатқанын тексерді. Онда қосымша ғимарат салынуда, онда спорт залы мен асхана орналасады. Нысанда жаңа мердігер – "МСК Строй" корпорациясы" ЖШС жұмыс істейді. Алдыңғысымен жұмыстарды уақтылы және тиісінше орындамағаны үшін келісімшарт бұзылған.

Ермағанбет Бөлекпаев күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан ауруханаға да барды.

Өңір басшысы ауыл ішінде салынған жолдардың сапасын да бағалады.

Биыл аудандық және облыстық бюджеттерден 11 көшені асфальттауға қаражат бөлінді. Олардың алтауына асфальт төселді, қалған бөлігін маусымның соңына дейін жасаймыз. Аулаларды кезең-кезеңімен абаттандырамыз. Шағын аудандардың бірінде балалар алаңы жаңартылып, автомобиль тұрағы абаттандырылды. Сонымен қатар, биыл бес үйдің шатырын жаңартамыз, – деді Азамат Әбілдин.

Жергілікті әкімнің айтуынша, кентте көшелердің 95 % жарықтандырылған. Биыл тағы төрт көше қосылады.

Ағадырда магистральдық су құбырының апаттық учаскесі де толығымен ауыстырылады.

Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, олардың сапасын бақылауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы