Болашақта тек қазақша сөйлегім келеді - Вероника Фонова

31 Шілде 2023, 11:15
1234
Бөлісу:
Болашақта тек қазақша сөйлегім келеді - Вероника Фонова
VIDEO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Вероника Фонова қазақ тілін үйреніп жүргеніне 9 ай болды. Ол қазақша еркін сөйлейді. Оның айтуынша, жаңа тілді үйрену оңай емес, бірақ ешқашан кеш болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аз уақыттың ішінде тілді үйрену үшін аптасына неше рет дайындалу керек?

 - Менің атым Вероника. Былтыр қазақ тілін үйренуді қолға алдым. Қазіргі таңда үйреніп жүргеніме 9 ай болды. Сөздік қорым көп емес, айтуымда және сөйлеген кезде жалғауларымда қателер бар. Бірақ меніңше, бәрі жақсы. Жақсы деңгейге жету үшін біраз уақыт керек. Адамдармен сөйлескенде шамалы қобалжимын, кейде сөздерді ұмытып қаламын. Қазақ тілі сабағы аптасына екі рет болады. Жаңа тілді үйрену оңай емес, бірақ ешқашан кеш те емес. Қазақ тілін білу біздің міндетіміз. Тіпті аптасына бір сабаққа қатысудың өзі үлкен нәтиже береді. Мақсатым келешекте еркін сөйлеу. Болашақта тек қазақша сөйлегім келеді.

-Өзіңіз туралы айтсаңыз? Тілді үйренуге деген құштарлық қалай туды?

  - Мен графикалық дизайнермін және әйелдердің құқығын қорғаумен айналысамын. Өздеріңіз білетіндей, 8 наурызда Алматыда әйелдер шеруі өтті. Мен құрбыларыммен бірге әйелдер арасындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұйымдастыруға атсалыстым. Қазақ тілін үйренуді бастаған себебім меніңше, біздің елімізде бәрі мемлекеттік тілде сөйлесуі керек. Бірақ көбі қазақ тілін үйренгісі келмейді. Мұның себебі жай ғана бастап көрмегендіктен деп ойлаймын.

- Көп адам қазақ тілінің маңызын әлі түсінбейтін сияқты. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік тілді білудің маңызы неде?

  - Бірлік пен ынтымағымыз жарасқан қоғам болу үшін еліміздің тілін, мәдениетін білу маңызды деп ойлаймын. Мен Қазақстанды жақсы көремін, осында дүниеге келдім. Егер елімді жақсы жаққа өзгерткім келсе, оған өзім күш салуым керек. Мен тілді ертерек үйренуді бастамағаныма өкінемін, алайда  тілді қай жаста болса да үйренуге болатынын айтқым келеді.

-Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Өзгелердің жаңалығы