Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрақты негізде қандай да бір мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін адам міндетті зейнетақы жарнасын алады. Ал тұрақты жалақысы жоқ, еш жерде жұмыс істемейтін адамдар тек мемлекет белгілеген базалық зейнетақыны алуға мүдделі. Ал осы тұлғалар жоғары зейнетақы алу үшін қандай әрекет жасауы керек?
Қазір Республика бойынша 11 480000 астам салымшының жеке зейнетақы шоты ашылған. Бірақ мамандар бұл мәліметке қарап, елдегі жұмыссыздардың нақты санын анықтау мүмкін емес деп есептейді. Себебі тұрақты жұмысы жоқ такси жүргізушілері, жүк тасушылар, курьерлық қызмет және тағы басқалары бұл санатқа кірмеуі мүмкін.
Жоғары зейнетақы алу үшін не істеу керек?
Табыстың 10% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы аударымдарын жасау
Егер жалдамалы жұмыскер болсаңыз, аударымдарды жұмыс беруші жасайды. Тұрақты жұмысы жоқ азамат заңды тұлғамен келісім-шарт жасаса, жұмыс беруші тарап жалақы беруден бұрын зейнетақы жарнасын ұстап қалуы керек. Жұмыс берушімен өзара қарым-қатынастың басқа нұсқалары қарастырылатын санаттар да бар, бірақ аударымдар сомасы табыстың 10% шегінде қалады. Міндетті зейнетақы жарналарын есептеу мен аударудың толық тәртібімен БЖЗҚ сайтында танысуға болады.
Ерікті зейнетақы аударымдарын төлеу
Ерікті зейнетақы аударымдары – мөлшері мен уақытын тұлғаның өзі белгілей алатын төлемдер. Егер тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе, салық кодексінің талаптарына сәйкес, ай сайынғы төлемдерін өтеп отыруы тиіс. Ал еш жерде жұмыс істемейтін болса, біріңғай жиынтық төлем жасап отыруына болады. Бұл төлем қала тұрғындары үшін бір айлық көрсеткіште болса, ауыл тұрғындары үшін жарты айлық көрсеткіш сомасында. Ерікті зейнетақы аударымдары мемлекет беретін міндетті зейнетақы сомасынан көбірек алуға мүмкіндік береді. Себебі, берілетін қаржы осы арқылы есептеледі.
Елімізде өзін-өзі қамтитын азаматтар зейнетақы қорына ай сайын төлем аударып отыруы керек деген шарт жоқ. Алайда, зейнетақы қорына салынған әрбір тиын болашаққа салынған инвестициялық табыс екенін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, келісім-шартта жалақының сомасын толық көрсетуді талап ету қажет. Себебі зейнетақы қорына түсетін ай сайынғы төлем жалақы сомасына тікелей қатысты.
Еңбек өтілінің ұзақтығы
Еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы да соғұрлым көп болады. Себебі жалақының мөлшері ғана емес, сонымен бірге мерзімі де маңызды. Сондықтан, ресми жұмыс пен кірістің маңызы өте зор. Халықтың біраз бөлігі қолма-қол ақша алу арқылы бейресми қызметтер атқарғандықтан, өздерінің еңбек өтілін зейнет жасына келгенде растай алмай жатады.
Айта кетейік, Қазақстандағы зейнетақы жүйесі үш деңгейлі және зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің арасында негізделген.
Қазіргі біздің зейнеткерлеріміз ортақ және базалық зейнетақыны мемлекет тарапынан алады. Бұл - зейнетақы жүйесінің бірінші деңгейі. Мемлекеттік бюджеттен базалық төлем барлығына төленеді, бірақ оның мөлшері азаматтың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты.
Екінші деңгей - тікелей 1998 жылдан бастап жұмыс істейтін жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Бұл қатарға жеке шотта жинақталатын қызметкер табысының 10% - дық зейнетақы жарналары кіреді. Сондай-ақ Үкімет бекіткен арнайы мекемелердің қызметкерлеріне жұмыс беруші қосымша тағы 5%-дық міндетті кәсіби зейнетақы жарналарын аударып отыруы керек. Ал үшіншісі – ерікті аударымдар.
Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы соманы тексеру үшін сайтқа кіріп, электронды қолтаңба арқылы білуіне болады.
Аружан АЛПЫСБАЙ