«Болашақ» түлектері ауыл ауруханаларында заманауи әдіспен ота жасайды

17 Маусым 2022, 10:31
1672
Бөлісу:
«Болашақ» түлектері ауыл ауруханаларында заманауи әдіспен ота жасайды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері ауылдық ауруханаларда заманауи әдістермен оталар жасайды. Жетекші шетелдік медициналық жоғары оқу орындарда тағылымдамадан өткен мамандар заманауи медициналық технологияларды пайдаланып, күрделі кардио- және нейрохирургиялық оталар жасайды. 

«Болашақ» бағдарламасының дәрігер түлектері еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де жұмыс істейді.  

Оташы дәрігер Марат Бердімұратов «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтіп, Ақкөл аудандық ауруханасына оралды. Онда ол шетелде алған білімі арқасында лапароскопия әдісін пайдаланып, заманауи хирургиялық операциялар жасайды. 

Оталарды жасаудың заманауи әдісінің бірқатар артықшылықтары бар – операциядан соң асқынудың мейлінше азайтылған тәуекелі және жарақат алудың төмен деңгейі. Бұрын осындай оталар облыс орталықтарында жасалатын. Қазір болса, аудандық ауруханамызда жылына 150-ден астам оталар жасаймыз, - деп атап өтті стипендиат. 

«Болашақ» түлектері ауыл ауруханаларында заманауи әдіспен ота жасайды

Онколог Бағдат Нұрмағанбетов Израильде бір жылдық тағылымдамадан өтіп, қазір Қарағанды облысының Ақтоғай аудандық ауруханасында жұмыс істейді. Ауылдық ауруханада Бағдат онкологиялық ауруларды алдын алуды, ісіктерді алып тастаудың миниинвазивтік хирургиялық оталарын, химиотерапиялық емдеу шараларын жүзеге асырады. 

«Болашақ» бағдарламасы маған онкологиялық ауруларды емдеуде қазіргі заманғы технологиялар қолданатын Израильдің үздік клиникаларының бірінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берді. Миниинвазивті оталар шағын тесіктер арқылы жасалады және соның арқасында науқас тезірек қалпына келеді. Бұл асқынудың даму қауіпін айтарлықтай төмендетеді. Оқу барысында мен әртүрлі елдерден келген әріптестеріммен таныстым. Олармен әлі де байланысып, пайдалы кеңестермен бөлісіп отырамыз», - деп әңгімеледі Бағдат Нұрмағанбетов.         

«Болашақ» бағдарламасымен денсаулық сақтау саласы үшін 800-ден астам маман даярланды. Олардың басым көпшілігі – тәжірибелік дәрігерлер. Жалпы алғанда, «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырылған 28 жыл ішінде 11 мыңнан астам маман дайындалды. Халықаралық стипендия түлектері еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп, ел дамуына қомақты үлестерін қосып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы