Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Болашақ энергиясы: қазақстандық жас ғалым атом саласын әлемге танытып жүр

30 Қыркүйек 2025, 12:41
355
Бөлісу:
 Артём Чурсинов
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Ол – Мария Склодовская-Кюри атындағы МАГАТЭ-нің және Лиза Майтнер атындағы бағдарламаның стипендиаты, ядролық энергетика инженері, Ресейдің ядролық білім беру саласының амбассадоры әрі Обнинск атом энергетика институтының оқытушысы. 24 жасында қазақстандық Алина Бегимова атом энергетикасын зерттеу саласында бірқатар жетістіктерге жетті. Оның еңбегі халықаралық деңгейде мойындалды. Сарапшы ретінде Алина Мәскеуде өткен атом энергетикасы форумында спикер болды.

Форумның кулуарында BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Алина тек өз әсерімен бөлісіп қана қоймай, Теміртау қаласындағы мектеп оқушысынан беделді халықаралық алаңдарда ойы айтылатын жас ғалымға дейінгі жүріп өткен жолы жайлы да баяндап берді.

Ресейлік ядролық білім беру амбассадоры

Мәскеуде өткен форумда Алина университеттер мен бизнестің желілік кооперациясы мен ынтымақтастығына арналған сессияда сөз сөйледі. Форум ұйымдастырушылары «Обнинск Тех» жобасын таныстырды. Бұл – Обнинск қаласы базасында жоғары оқу орындарының үздік білім беру өнімдерін, корпоративтік оқыту бағдарламаларын және халықаралық әріптестерді біріктіретін шатырлы бренд.

Жобаның басты мақсаты – озық ресейлік білімді экспорттау және үздік білім беру өнімдерін жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялау.

Мәдениет, білім және технологияны біріктіретін орталық қандай болуға тиіс? Оның дамуына жас мамандар қандай үлес қоса алады? Сессия қатысушылары осы және басқа да мәселелерді талқылады.

Алина Бегимова бұл сессияда Мысырдың Жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрі, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының кадрлар жөніндегі бас директордың орынбасары, Вьетнамның атом энергиясы институтының президенті, сондай-ақ Зимбабвенің Жоғары білім, инновациялар, ғылым және технологияларды дамыту министрімен қатар спикер болды.

Сессияның басты мақсаты – «Росатомның» тірек университеттері арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және ынтымақтастық орнату болды. Мен студенттер алдында қандай сын-қатерлер тұрғаны және оларды оқу барысында қалай жүзеге асыруға болатыны туралы баяндама жасадым. Әңгіме болашақ мамандарға қандай құзыреттер қажет екендігі және еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін қандай дағдыларды дамыту керектігі жайында өрбіді. Конференциялар мен форумдарға, сондай-ақ түрлі іс-шараларға қатысушы, спикер әрі ұйымдастырушы ретінде белсенділік танытқанымның арқасында мені «Атом апталығы» іскерлік бағдарламасына делегат әрі құрметті қонақ ретінде шақырды, – деді Алина форумның кулуарында.

Болашақ энергиясы: қазақстандық жас ғалым атом саласын әлемге танытып жүр

Ресейдегі ядролық білімнің амбассадоры ретінде Алина бұл жобаның Ресейде білім алып жүрген шетелдік студенттерге қолдау көрсететінін, атом ғылымы мен оған қатысты салаларды кеңінен насихаттайтынын, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесетінін айтады.

Біз күрделі дүниелерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз, осылайша жаңа адамдарды осы салаға тартқымыз келеді, – дейді Алина.

"Қойылған талап та, бәсекелестік те өте жоғары"

Алина – Теміртаудың тумасы. Бастапқыда ол атом саласында жұмыс істеуді мүлдем жоспарламаған. Бесінші сыныпқа дейін филолог болуды армандап, тіпті орыс тілі пәні бойынша олимпиадаларға қатысып жүрген. Алайда уақыт өте келе оның қызығушылығы нақты ғылымдарға қарай ауысты. Ал ядролық физиканы таңдаудағы шешуші қадамды Алина 10-сыныпта жасады. Өйткені сол кезде олардың сыныбына жаңа мұғалім келген еді. Оның кәсіби шеберлігі мен үлгісі Алинаны осы салаға түсуге шабыттандырды.

Ол Мәскеудегі МИФИ-дің “Ядролық реакторлар мен материалдар” кафедрасын тәмамдаған. Өте білімді, зиялы, өз ісін жетік білетін жан еді. Мен де дәл сондай болғым келді, сондықтан оның жолын жалғастыруды шештім, – дейді Алина.

Болашақ энергиясы: қазақстандық жас ғалым атом саласын әлемге танытып жүр

Қазақстандық жас маман «Ядролық энергетика және жылуфизика» мамандығы бойынша білімді Обнинск атом энергетика институтында алды. Оның бейіні – атом электр станцияларын пайдалану. Бұл бағыт болашақта АЭС-ті басқаратын мамандарды даярлауға арналған. Кейін ол тар салалық мамандық бойынша магистратураны тәмамдап, осы салаға соншалықты беріліп, ғылым мен оқытушылық жолды жалғастыруға шешім қабылдады.

Бүгінде Алина Обнинск атом энергетика институтында дәріс береді. Ол зертханалық және семинарлық сабақтарды жүргізіп, студенттердің практикалық дайындығына жауапты.

Оқытушылық қызметімен қатар Алина Обнинскідегі өндірісте де еңбек етеді. Ол жерде электромонтажбен айналысып, әртүрлі электр схемаларын құрастырады. Бұл жұмыс оған тек қана ләззат сыйлап қоймай, құнды кәсіби тәжірибе береді.

Алинаның айтуынша, ол университетке «Россотрудничество» бағдарламасы арқылы түскен. Достарымен бірге портфолио әзірлеп, олимпиадаларға, форумдар мен конференцияларға қатысқан.

Бұл оңай болған жоқ, себебі тапсырмалардың деңгейі де, бәсекелестік те жоғары болды. Бірақ біз физика мен математикадан алған дипломдарымызды қосып, мықты портфолио жинадық. Бұл шешуші рөл атқарды. «Россотрудничество» бағдарламасының арқасында мен армандаған оқу орнына түстім, – дейді Алина.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер құжаттарын бірыңғай портал арқылы тапсырады: оқу орнын таңдап, басымдықты көрсетеді, содан кейін комиссия өтінімді қарап, шешім қабылдайды. Қазір бұл рәсім қиындай түскенін айтады Алина. Университетке түсу үшін қосымша емтихандар тапсыру қажет, олар әдетте Астанада немесе басқа өңірлерде өткізіледі.

2023 жылы Алина магистратураға қабылданып, Мария Склодовская-Кюри атындағы стипендия жайлы білді. МАГАТЭ мен «Росатом» бірлесіп жүзеге асыратын бұл бағдарлама атом саласында еңбек ететін әйелдерді қолдауға бағытталған. Ол қаржылай көмек ұсынып қана қоймай, МАГАТЭ-мен әріптестік орнатқан халықаралық орталықтарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Көптеген қатысушы тәжірибеден Венада өтеді.

Қазақстанның әлеуеті туралы

Қазақстанның атом энергетикасындағы әлеуеті қандай деген сұраққа Алина былай деп жауап берді:

Әлеуеті орасан зор. Біріншіден, бізде бай тарих бар. Ақтауда алғашқы жылдам реактор іске қосылды – бұл атом энергетикасы тарихындағы бірегей бетбұрыс. Екіншіден, Қазақстан уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орында. Саланы дамыту үшін барлық алғышарт бар. Бірақ ең бастысы – жас мамандарды тарту, жаңа буынның қызығушылығын ояту және станцияларды басқаратын, бағытты дамытатын білікті кадрларды даярлау.

Алинаның айтуынша, ол Қазақстанға жиі келе бермейді. Себебі оқу, студенттермен сабақтар және зауыттағы жұмыс оның уақытын барынша алады. Соңғы рет ол тамыз айында Алматыға келген, алайда Теміртауға баруға мүмкіндік болмаған.

Сол сапарында ол Үлкендегі АЭС құрылысының ресми түрде басталуына орай өткізілген салтанатты рәсімде капсуланы кернмен бірге табыстауға қатысқан.

Росатомның арқасында мен әртүрлі іс-шараларда кездесетін әріптестеріммен, жерлестеріммен байланысымды үзбеймін. Соңғы рет Қазақстанға тамыз айында іссапармен келдім, сол себепті Қарағандыға баруға мүмкіндік болмады. Әдетте жылына кемінде бір рет келуге тырысамын. Бірақ сабақтар, дәрістер мен зауыттағы жұмыс кестесінен сұрану кейде қиынға соғады. Ата-анам түсіністікпен қарайды, сол үшін кейде өздері маған келіп тұрады, - деді Алина. 

Алина неге Қазақстанда жұмыс істемей жүргені туралы сұраққа былай деп жауап берді:

Мен өзімді оқытушылық салада, атап айтқанда, термодинамика бағытында сынап көргім келді. Қазақстанда сәйкес ұсыныстар болмады. Логикалық тұрғыдан ең қолайлы нұсқа – атом электр станциясындағы жұмыс, бірақ ол әзірге жоқ. Ал менің дайындығым – АЭС-ті пайдалану, яғни оны салу емес. Сондықтан қазір маған лайықты қызмет орны жоқ, – дейді ол.

Болашақта Алина Қазақстанда жұмыс істегісі келеді.

Бұл – менің кәсіби бағытым әрі менің елім. Егер алғашқы атом станциясының іске қосылуына, тіпті жанама болса да, үлес қосуға мүмкіндік туса, мен бақытты болар едім, – дейді жас маман.

Қазақстан шынымен атом энергетикасын дамытуды көздесе, мұндай құнды маман ескерусіз қалмауға тиіс. Өйткені олардың білімі мен тәжірибесінсіз атом энергетикасының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мүмкін емес.

Өзгелердің жаңалығы